26 мау, 2021 сағат 10:17

Чехияда торнадо тағы бір ауылды қиратты


Чехияға торнадо қайта төніп, солтүстік-батыстағы ауылдың тас-талқанын шығарды. Зардап шеккендер жоқ. Алайда, материалдық шығын ондаған миллион еуроға бағаланып отыр. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Чехияның оңтүстік-шығысында орналасқан Оңтүстік Моравияға соққан алғашқы торнадо бірнеше елді мекендегі үйлерді қиратқан болатын. Кем дегенде 300-ге жуық адам зардап шекті. Қаза болғандар саны 5 адамға дейін артты. 

Ал жұма күні күші сәл әлсіздеу торнадо Чехияның солтүстік-батысындағы ауылға соқты.

Қазір Оңтүстік Моравияда 7 елді мекенде іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. 

Синоптиктердің мәліметінше, торнадо күші 5 балдық деңгейдің 3-інші немесе 4-інші деңгейіне жетті. Оның арты теннис добының көлеміндей бұршаққа ұласты. Бір отбасылар баспанадан айырылса, бірінің үйі жарықтан ажыраған. Зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жөнелтілуде.