20 қаң, 2021 сағат 17:55

Былтыр МӘМС есебінен 10 мыңға жуық ота жасалды

2020 жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 10 мыңға жуық қымбат жоғары технологиялық ота жасалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың қорытындысы бойынша медициналық сақтандыру пакеті есебінен 10 мыңға жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет (ЖМҚ) өткізілді. Емнің орташа құны – 3,2 млн теңге. Хирургиялық араласудың көп бөлігі ангиохирургиялық, офтальмологиялық, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық және ортопедиялық бейіндерге жатады», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов. 

Оның айтуынша, жүрек қағысының бұзылуына қатысты эндоваскулярлық қымбат оталар көбейген. 

«Мысалы, автоматты кардиовертер/дефибрилляторды имплантациялау саны 1,5 есе өсті. Мұндай отаның орташа құны 6 млн теңгеден асады, өткен жылы осындай 1213 ота жүргізілді. Медициналық сақтандыру қаражаты есебінен мүмкіндігі шектеулі балаларға көбірек операция жасалды. Сонымен, шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеу операциялары бір жарым есе өсті. Электрмагнитті есту аппаратын имплантациялау саны 1,5 есе өсті. Осындай бір қызметтің орташа құны орта есеппен 5,5 млн теңге. Кез келген уақытта өзімізге немесе жақынымызға бірдей көмек қажет болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Осындай сәттерде медициналық сақтандырудың рөлі ерекше түсінікті болады және ол жинақтаушы емес, әлеуметтік, барлығына қолжетімділік қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс», - дейді ол.