17 ақп, 2026 сағат 16:01

Былтыр ел кітапханалары 240 мыңнан астам жаңа әдебиетпен толықты


Фото: ашық дереккөз


2025 жылы 119-дан астам кітап 240 500 дана таралыммен басылып, еліміздің өңірлік кітапханаларына жеткізілді. Бұл – ұлттық әдебиетті қолдау мен оқырман қорын байыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.


Жаңа басылымдар қатарында «Шоқан. Ерек туған феномен» фотоальбомі, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған еңбектер, Бақытсыз Жамал романы, сондай-ақ Ілияс Есенберлин, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі және Тұманбай Молдағалиев шығармалар жинақтары бар.


Халықаралық ынтымақтастық аясында Италия тарапының қолдауымен Шоқан Уәлиханов туралы кітаптың итальян және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларының таныстырылымы Рим қаласында өтті. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Frankfurt Book Fair аясында ұлттық павильон ұйымдастырып, мерейтойлық басылымдарды көпшілік назарына ұсынды. Олардың қатарында жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа Ұлағат» еңбегі де бар. Ал «Бақытсыз Жамал» романы ұлттық прозаның алғашқы туындыларының бірі ретінде халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды.


ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық серіктестік аясында жас авторлар буынын қалыптастыруға бағытталған үш ірі жоба жүзеге асқаны белгілі. Жоба нәтижесінде 35 көркем және ғылыми-танымдық жинақ жарық көріп, еліміздің кітапханаларына жөнелтілді.


Айта кетейік, ұлттық әдебиетті қолдау, кітап қорын толықтыру және жас қаламгерлерге жол ашу – рухани дамудың маңызды тетігі болып қала береді.