01 сәу, 2026 сағат 16:25

«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби жобасының марапаттау рәсімі өтті

Фото: Жазушылар одағы

Алматыда өткен «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби жобасының қорытынды салтанаты ұлттық әдебиет үшін маңызды оқиғаға айналды. Жоба қазіргі қазақ прозасын дамытуға, жаңа есімдерді әдебиетке тартуға және қоғамдағы рухани сұранысты арттыруға бағытталған ауқымды бастама ретінде бағаланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жобаға 3000-нан астам өтінім түсіп, олардың ішінен 8 автор финалға өтті. Финалистердің жетеуі 3 000 000 теңге көлемінде қаламақы алып, шығармалары 1000 данамен жарық көрді. Кеш барысында романдардың тұсаукесері өтіп, олардың 750 данасы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қорына табысталды.

Финалистер қатарында Думан Рамазан, Қуаныш Жиенбай, Нұржан Қуантайұлы, Асқар Алтай, Мұрат Алмасбек, Қуат Бораш, Айым Ақылтай бар. Бас жүлде – 15 000 000 теңге Жүсіпбек Қорғасбекке «Кельндегі көкжал» романы үшін табысталды.

Жоба ERG қолдауымен жүзеге асып, оның директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов ұлттық әдебиеттің маңызына ерекше тоқталды.

Салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Мереке Құлкенов, ТҮРКСОЙ өкілдері, Бексұлтан Нұржекеұлы және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жалпы, бұл жоба Қазақстан Жазушылар одағы кеңістігінде қазақ прозасының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетіп, жас қаламгерлерге жол ашатын маңызды әдеби алаң ретінде бағаланды.