Оқулық – жай ғана оқу құралы емес, ұлттың ойлау мәдениетін қалыптастыратын маңызды құрал. Arman-PV баспасының бас редакторы Айгүл Бекболатова оқулық әзірлеудің ішкі процесі, мемлекеттік білім беру бағдарламасымен жұмыс, мұғалімдердің таңдауы және жасанды интеллекттің білім саласындағы рөлі туралы ой бөлісті. Ол оқулық сапасына қойылатын талап, авторлық жауапкершілік және баспаның ұзақмерзімді миссиясы жайында жан-жақты әңгімелейді.
– Айгүл ханым, жыл басы әдетте есеп-қисаптың уақыты сияқты көрінеді. Ал сіздер үшін бұл кезең нені білдіреді?
Қазір редакция 2026–2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу үстіндеміз, дайын болған оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Біз мемлекеттік білім беру бағдарламасына сүйеніп жұмыс істейміз. Қандай талап қойылса, қандай құзырет күтілсе – соның бәрі оқулықтың негізінде тұрады.
Біздің міндет – сол бағдарламаны түсінікті, логикалық, балаға қолжетімді тілде жеткізу. Бұл жерде шығармашылық бар, әрине, бірақ ол шығармашылық жүйенің ішінде болады. Біз өзімізше «жаңалық ашып» отырған жоқпыз, біз мемлекет қойған білім беру бағытын сапалы түрде жүзеге асырып отырмыз.
– Қазір нақты қандай оқулықтармен жұмыс жүріп жатыр?
– Қазір біз 2026–2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен ОӘК-терді әзірлеу үстіндеміз. Бұл – бірнеше сынып пен бірнеше пәнді қамтитын үлкен жұмыс.
Биыл 3–4 сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Қазақ тілі» (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), «Русский язык», «Литературное чтение», «Математика», «Познание мира», «Дүниетану» оқулықтары, 5–9 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер», «Глобальные компетенции», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Физика», «География», «Русский язык», «Русский язык и литература» оқулықтары мектептерге ұсынылады.
Біз былтыр осы кезде 2025–2026 оқу жылына арналған оқулықтарды дәл осылай дайындап едік. Қазір сол кітаптармен мыңдаған бала оқып отыр. Бұл – уақыттың өте тез өтетінін көрсетеді, әрі біздің жауапкершілігімізді еселей түседі. Бізде «жұмыс уақыты» деген ұғым кейде шартты ғана. Себебі мәтінмен, мазмұнмен, құрылыммен жұмыс істегенде сағатқа қарамайсың. Бір тапсырма, бір абзац, бір түсіндіру бөлімі бірнеше рет қайта жазылады. Біз бұл салада 24 жылдан бері келеміз. Бізден қазір кәсіби шеберлік күтіледі. Ал шеберлік – жауапкершіліктен басталады.
Жақында ғана мектептен бір мұғалім хабарласты. Арнайы қоңырау шалып, біздің оқулықпен жұмыс істеу ыңғайлы екенін, тапсырмалардың логикасы түсінікті екенін айтты. Ондай сәттерде біз өзімізге «осы үшін жасап жүрміз» деп ойлаймыз. Бізге ең керегі – осындай тірі кері байланыс.
Кейде мұғалімнің таңдау мүмкіндігі шектеулі жағдайлар да болады. Бірақ соның өзінде олар пікірін айтып, ұсынысын жазып, бізбен байланысып жатады.
– Сіз мұғалімдердің таңдауы туралы айтып отырсыз. Жалпы ресми түрде мұғалімдер оқулықты өздері таңдайды деп айтылады ғой. Сонда сіз айтып отырған жағдайлар қалай түсіндіріледі? Шынымен мұғалімдер еркін таңдай алмайтын кездер де бола ма?
– Негізі, жүйе бойынша мұғалімдер оқулықты өздері таңдайды. Бұл – дұрыс, қажетті қағида. Біз де соған сенгіміз келеді. Өйткені шынайы сапа тек еркін таңдаудан туады.
Бірақ кейде практикаға қарап отырып, ойланасың. Мысалы, бір ауданның, кейде тіпті бір өңірдің барлық мектебі бір ғана оқулықты таңдағанын көресің. Ол жерде ондаған, жүздеген мұғалім бар. Әрқайсысының тәжірибесі, әдістемелік көзқарасы, жұмыс стилі әртүрлі. Осындай жағдайда барлығының бірдей шешім қабылдауы логикалық тұрғыдан сұрақ тудырады. Қазір электронды таңдау жүйесі бар, формалды мұғалімдер еркін таңдай алады. Бірақ кей жағдайларда «таңдау бар сияқты, бірақ еркіндік толық сезілмейді» деген әсер пайда болады. Егер мұғалім шынымен еркін таңдап, өз шешімін қабылдап отырса – бұл ең дұрыс, ең әділ жағдай.
– Сіздер мемлекеттік білім беру бағдарламасына сүйеніп жұмыс істейміз деп айтып отырсыздар. Бірақ сонымен қатар мұғалімдермен де тығыз байланыстасыздар ғой. Жалпы, оқулық жазу барысында мұғалімдермен қалай жұмыс істейсіздер? Бұл байланыс қалай қалыптасады?
– Әрине, байланыс бар. Тіпті өте тығыз. Өйткені біздің авторларымыздың өздері – мұғалімдер. Олар мектепке сырттан қарап отырған жоқ, күн сайын сыныпқа кіріп жүрген адамдар. Баланың қалай қабылдайтынын, қай жерде қиналатынын, қай жерде қызығатынын өз көздерімен көріп жүр.
Сонымен қатар мұғалімдермен үнемі кездесеміз. Семинарлар өткіземіз, әдістемелік кездесулер жасаймыз. Кітапты жазып, шығарып қана қоймаймыз. Сол кітапты қалай қолдану керек, не үшін бұлай жаздық, тапсырманың логикасы қандай – соның бәрін бірге отырып талқылаймыз.
Кейде онлайн форматта, кейде офлайн кездесеміз. Өңірлерге шығамыз, аудандарға барамыз, ауыл мектептерімен кездесеміз. Бұл біз үшін үйреншікті нәрсе. Қашықтағы мектептерге бару да, сол жердегі мұғаліммен бетпе-бет сөйлесу де – жұмыстың бір бөлігі.
Биыл да өңірлерге шығу жоспарда бар. Қаңтардың аяғынан бастап, ақпан, наурыз айларында әдіскерлермен, мектеп директорларымен, кітапханашылармен кездесулер өтеді. Оқулықты қалай қолдану керек, сабақта қалай тиімді пайдалануға болады – осының бәрін бірге қараймыз. Биыл жасанды интеллект жылы болғандықтан, бұл тақырып та назардан тыс қалмайды. Мұғалімдерге жасанды интеллектіні нақты құрал ретінде қалай қолдануға болады, күнделікті жұмыста қалай көмектесе алады – осы жөнінде де кездесулер ұйымдастырылады. Және баспамыздың Eкітар.kz онлайн оқулықтар платформасы бар ғой. Сол жердегі цифрлық оқулықтарымызда осы жасанды интеллектті қолданып, оқушылар үшін көмекші құрал ARMAN AI деген сұрақ-жауап алаңын дайындадық. Жалпы, оқулықтардың ішіндегі визуалды дүниелерді дайындауға әбден қолданып отырмыз. Онымен қоса, биыл математика оқулығын осы ЖИ-ді қолданып отырып әзірледік.
– Технология, жасанды интеллект туралы не ойлайсыз?
– Технология – құрал. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ең мықты білім жүйелері технология мен адам факторын тең ұстай алады. Біз де осы тепе-теңдікті сақтауға тырысамыз. Цифрлық шешімдер маңызды, бірақ мазмұн одан да маңызды.
– Сұхбат барысында оқулық туралы көп айттық. Бірақ Arman-PV тек оқулықпен ғана шектелмейтінін де байқауға болады.
– Иә, бізді көбіне оқулықпен таниды. Бұл заңды. Бірақ жұмысымыз сонымен бітпейді. Біз танымдық кітаптар шығарамыз, қосымша әдебиеттер дайындаймыз, кітапханалармен жұмыс істейміз. Мектеп кітапханаларына, қоғамдық кітапханаларға арналған жобаларымыз бар. Қолымыздан келеді. Авторларымыз бар, тәжірибеміз бар, мүмкіндігіміз бар.
Жақсы автор дайын күйінде келе салмайды. Кейде оны табу керек, кейде тәрбиелеу керек, кейде бағыт беру керек. Мұғалімдердің арасында да, жас авторлардың арасында да әлеуеті өте жоғары адамдар көп. Солармен жұмыс істейміз. Кейбір авторларымызды өзіміз өсірдік деуге болады – бірге жаздық, бірге үйрендік, бірге жетілдік.
Егер жазғысы келетін, идеясы бар, автор болғысы келетін адам болса – бізге хабарласа алады. Оқулық – бір күндік дүние емес. Бір ұрпақтың ойында із қалдырады. Ендеше, жазғаныңа, атқарған ісіңе адал болу – ең үлкен жауапкершілік.
