04 ақп, 2026 сағат 16:47

Әдебиеттің биылғы «Айбоздары» анықталды


Фото: ҚР МАМ


Бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында 2025 жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды Ult.kz. 


Ұлттық әдебиетті қолдауға бағытталған беделді байқау қаламгерлер қауымы мен зиялы ортада үлкен қызығушылық тудырды.


Салтанатты шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қатысты.


Биыл «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына жеті номинация бойынша 180-ге жуық өтінім келіп түскен. Байқаудың басты ерекшелігі – қазылар алқасы шығармалар авторын білмей, әділ әрі құпия дауыс беру арқылы үздіктерді анықтады.


2025 жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары:

Үздік поэзия – Хамит Есеман, «Айша бибі»

Үздік проза – Дәурен Қуат, «Бруклин көпіріндегі кездесу»

Үздік драматургия – Әділбек Ыбырайымұлы, «Кенесары хан»

Үздік аударма – Әсем Ережеқызы, «Күн қармаған бала»

Үздік балалар әдебиеті – Қанат Әбілқайыр, «Алтын бала»

Үздік әдеби сын – Амангелді Кеңшілікұлы, «Мұқағали мен Енхе. Ақын мен адамның драмасы»

Үздік комикс – Ильдар Сансызбайұлы, «ТАБУ. Жоғалған үміттің ізі».


Марапаттау рәсімінде сөйлеген Аида Балаева «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының қазақ әдебиетіндегі жаңа есімдерді танытуға, шығармашылық еркіндікті қолдауға және сөз өнерінің қоғамдық маңызын арттыруға бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті.