2020 жылы КВИ тақырыбы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 274 мың материал жарық көрді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде коронавирустық инфекциямен күресу жұмыстары ақпараттық күн тәртібінің басты тақырыбы болды. Жалпы, барлық мемлекеттік органдар қызметін толық ақпараттандыру мақсатында министрлік 2020 жылға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» республикалық медиажоспарын әзірлеп, жыл басында Үкіметтің отырысында бекіткен. Оның негізгі бағыттары – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және волонтерлер жүйесінің дамуы болған. Бірақ, коронавирусқа байланысты наурыз-мамыр айларында Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғанда COVID-19-ға қатысты жасалып жатқан істерді халыққа тез жеткізу мақсатында Үкіметтің шешімімен республикалық коммуникациялық орталық құрылды. Оның жұмысына біздің министрлікпен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де белсенді қатысып келеді», - деді Кемелбек Ойшыбаев.
Сонымен қатар ол наурыз айында coronavirus2020.kz іске қосылғанын еске салды. Ол статистикалық мәліметтер, инфографикалық, сараптамалық материалдармен толықтырылып отыр. Сайтқа күніне 100 мыңнан астам адам кіріп көреді. Телеграм мессенджерінде coronavirus2020 атты ресми канал іске қосылды, оған қазіргі уақытта 300 мыңнан астам оқырман тіркелген.
«Шілде айында stopfake.kz сайтын іске қостық. Ол БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде таралып жатқан ақпараттарды анықтап, фейк екенін мәлімдеп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазірге дейін 450-ге жуық материалдың жалған екені дәлелденіп, қоғамға жеткізілді», - деді вице-министр.
Мұнымен қоса ол төтенше жағдай кезінде Орталық коммуникациялар қызметі елдегі басты ақпарат алаңына айналғанын, онлайн режимде 200-ге жуық брифинг өткізілген мәлім етті.
«Барлық телеарналарда көптеген бағдарламалар коронавирус тақырыбына бағытталды. КВИ-дің алдын алу тақырыбы бойынша 250-ден астам бейнеролик дайындалды, республикалық БАҚ-та 5 мыңнан астам инфографика мен телеграфика жарияланды. Осылайша, министрлік мемлекет тарапынан қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар туралы ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді», - деп тоқталды Кемелбек Ойшыбаев.
Оның айтуынша, 2020 жылы КВИ тақырыбы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 274 мың материал жарық көрген.