23 қаз, 2021 сағат 11:33

БҰҰ: Мадагаскарға климаттың өзгеруінен туындаған аштық қаупі төніп тұр


Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметінше, Мадагаскардың оңтүстігінде миллионнан астам адам климаттың жаһандық өзгеруінен туындаған әлем тарихындағы алғашқы аштық жағдайында тірі қалу үшін жанталасып жатыр. Бұл жайында БҰҰ-ның жаңалықтар орталығы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мадагаскар - көлемі жағынан әлемдегі төртінші арал саналады және ғаламның басқа еш жерінде кездеспейтін өсімдіктері мен жан-жануарлары бар бірегей экожүйеге ие. Аралда әдетте құрғақшылық мамырдан бастап қазан айына дейін созылады. Ал қарашада жауын-шашын басталатын. Бірақ, климаттың жаһандық өзгеруі жергілікті тұрғындардың дағдыланған циклін толықтай бұзды. 

«Әрине, жауын-шашын айтарлықтай азайды. Жаңбыр басталғанда жергілікті тұрғындардың үміті оянады. Бірақ, артынан ол қысқа ғана жауын болып шығып, арты қайтадан құрғақшылыққа ұласады. Осылай жылдан жылға қайталанып келеді. Сондықтан адамдардың азық-түлік қорын толықтыруға ештеңесі жоқ», - деді Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі Элис Рахмун.

Элис Рахмун таяуда Мадагаскардың оңтүстігінде болған. Бұл өңірдегі жүздеген мың жергілікті тұрғынға БҰҰ мен оның серіктестері көмек көрсетіп жатыр.

«Кейбір өңірлерінде тұрғындар әлі де болса егіншілікпен айналыса алады. Бірақ жағдай жылдан жылға қиындап барады. Ал кейбір өңірінде мүлдем ештеңе өспейді. Сондықтан адамдар шегіртке, жеміс-жидек және кактус жапырағымен күнелтуге мәжбүр. Кактус жапырағы бұрынырақта ірі қара мал азығы ретінде ғана пайдаланылатын. Адамдар оны еш уақытта жеген емес», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, арал тұрғындарына көмек көрсетілмесе, онда таяу жылдарда аштыққа ұшырағандар саны геометриялық прогреспен арта түседі. Сондықтан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы келер жылдың сәуіріне дейін Мадагаскардың миллион тұрғынына қолдау көрсетпек. Сол үшін 70 миллион доллар жинауға кірісіп отыр.