Фото: Kazakh Tourism
Ақмола облысындағы «Бурабай» ұлттық паркінде туристерге арналған заманауи «Бөлектау» экологиялық бағыты іске қосылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа маршрут жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы болып жасақталып, табиғат аясындағы демалыстың тартымды нүктесіне айналмақ.
Экомаршруттың басты ерекшелігі – цифрлық шешімдердің қолданылуы. Келушілер жолды QR-кодтар, аудиогид және Telegram-бот арқылы квест форматында жүріп өте алады. Бағыт бойында Бөлектаудың флорасы мен фаунасы, тарихи аңыздары жайлы ақпараттық стендтер қойылған. Аудиогид қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
Жол табиғаты көркем аумақ арқылы өтеді. Бұрын қауіпсіздігі төмен саналатын бұл бағыт енді балалармен серуендейтін отбасыларға да қолайлы. Абаттандыру барысында экологиялық таза материалдар пайдаланылды, ал орталық стендке күн сәулесі түскенде ауаны тазартып тұратын инновациялық жабын қолданылды.
«Экологиялық және танымдық туризмді дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл жоба бизнес пен мемлекеттің тиімді әріптестігінің нақты үлгісі», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.
Экомаршрут Home Credit Bank-тің қолдауымен, «Бурабай» ұлттық паркі және Ақмола облысы әкімдігінің туризм басқармасымен серіктестікте жүзеге асты. Жоба банктің Қазақстандағы 20 жылдығына арналған бағдарламаның бір бөлігіне айналды.
«Бұл бастама тек абаттандыру емес, адамдарға қауіпсіз әрі әдемі демалыс сыйлау, табиғатты қорғауға үндеу», – деді Home Credit Bank басқарма төрағасы Кирил Бачваров.
Жаңа бағыт алғашқы туристерін қабылдап, келушілер аудиогид пен квест элементтерін сынап көрді.
