17 мам, 2024 сағат 15:00

Бурабай: Қалай барамыз, қайда демаламыз?


Фото:borovoe.kz

Бурабайды Қазақстанның Швейцариясы деп бекер айтпаса керек. Тұмса табиғаты мен саф ауасы, орман-тоғайы мен сайраған құстары кез келген туристі өзіне баурап, ғашық ептей қоймайды. ULT.KZ тілшісі 2024 жылы Бурабайға қанша теңгеге қалай баруға болатынын анықтап көрді.


Қалай барамыз?

Әрине аталған көрікті мекенге еліміздің кез келген өңірінен автокөлікпен, пойызбен, ұшақпен немесе автобуспен баруға болады. Бірақ біз еліміздің ең ірі қалаларының бірі, бас қаламыз Астанадан қалай баруға болатынын қарастырып көрейік. 

Көлікпен: Алдымен Астанадан Щучинск бағытында А1 трассасымен 222 км жүреміз, содан кейін R223 трассасынан шығып, Жұмабаевқа қарай жүру қажет болады. Жол барлығы 257 км алады.

Пойызбен: Астана теміржол станциясынан "Бурабай курорты" станциясына пойыздар жүреді. Оларға билеттерді желіде тапсырыс беруге немесе тікелей вокзалдан сатып алуға болады. Жол жүру құны вагон түріне және қосымша қызметтерге байланысты 1000 теңгеден 5000 теңгеге дейінгі аралықта. Орташа алғанда, жол жүру уақыты 2-ден 4 сағатқа дейін созылады. Пойыздардың кестесін кассаларда нақтылауға болады. Теміржол вокзалынан санаторийге немесе қонақ үйге автобуспен немесе маршруттық таксимен жетуге болады. Кейбір мекемелер қосымша ақыға трансфер ұсынады.

Астанадан Бурабайға баратын маршрут

Автобуспен: Астанадан Бурабайға рейстік автобустармен жетуге де болады. Олар күн сайын қаладан Щучинск пен Көкшетауға барады. Билеттер бағасын кассаларда нақтылау керек, өйткені туристік маусымда олардың құны өсуі мүмкін. Жалпы билет бағасы 1500 теңгеден басталады. 

Ұшақпен: Бурабайға тікелей рейстер жоқ. Курортқа ең жақын әуежай-Көкшетау әуежайы. Ол курорттан 80 км қашықтықта орналасқан. Демалыс орнына автобуспен, шағын автобуспен немесе таксимен баруға болады. Әуе билетінің бағасы ұшақ класына және рейске байланысты.

Фото:the-steppe.com

Қайда демаламыз?


Бурабайда әртүрлі бюджетке түрлі демалыс орындары бар. Онда қонақүйлер мен демалыс орындарынан бөлек санаторийлер де кездеседі. Себебі Бурабай тамаша табиғатымен ғана емес,  минералды суы мен  шипалы саз батпағымен де танымал. 

Booking.com платформасындағы мәліметтер бойынша Бурабайдағы ең қымбат қонақүй Rixos Borovoe отелі. Оның бір тәуліктік құны бөлменің классына және уақытына қарай 100 мың теңгеден басталады. Жаңа жыл сияқты мерекелер кездерінде 1 миллион теңгеден де асып кетеді.


Фото:rixos.com

Мамыр, маусым айларына бір тәулікке 100 мың теңге шамасында ақша төлейтін қонақүй іздегендерге Booking.com сайты SULTAN PLAZA Borovoe, Wyndham Garden Burabay, Promenade Burabay halal-apartments, сияқты қонақ үйлерді ұсынып тұр.

Ал тәуліктік құны 20 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін деп көрсетілген қонақ үйлер Konfor Hotel Burabay, Koktem Burabay, Riverside Burabay Hotel, AL BARAKA сынды қонақ үйлер екен. 

Айта кетейік, Бурабайға бару құны сияқты демалыс орнында жату бағасы да уақыты мен қызмет көрсету деңгейіне қарай өте қатты құбылады.