Фото: постер
27 ақпанда ақын Ақберен Елгезектің балалық шағына негізделген «Болмаған балалық шақ» фильмі үлкен экранға жол тартты, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақберен Елгезек өзінің балалық шағын проза жанрында жазып, кітап қылып жарыққа шығарған. Кейін кітап оқырманның көңілінен орын тауып, 40 мың дана болып сатылған. А. Елгезектің айтуынша жоғары сұранысқа ие шығарманы экранизациялауға бірнеше режиссер ұсыныс тастаған екен, ақыры көркем фильм түсіру режиссер Айдын Сахаманға бұйырыпты.
Фильмде Берік Айтжанов, Ерлан Біләл сияқты танымал актерлер маңызды рөл сомдаған. Ал басты кейіпкер Ақберен – Ақоштың рөлінде Шәкәрім Алмасбек пен Нұртілек Жарылқасын.
«20 жыл күткен фильм»
«Болмаған балалық шақ» фильмін тамашалаған депутат Ринат Заитов Ult.kz тілшісіне фильмнен алған әсерін жеткізді.
«Бұл жеке менің кемінде 20 жыл күткен фильмім. Ол қандайда бір жалғансыз, бояусыз айтылып отырған пікір себебі біздің қазақ киносында Қожа мен Алты жасар Алпамыстан басқа балаға жақын, сырласы бола алатындай, үлгісі бола алатындай тұлға жоқ. Тіпті Ақберен Елгезектің өзінің кітабында да бар ғой, Мейрамбек Бесбаев «Боз торғайды» орындаған кезде менің жақыным сияқты көрінетін деп. Дәл сондай кешегі фильмдегі Ақош балалардың досына оңай айналатын тұлға. Өте сәтті шыққан фильм. Және де ол фильмнің ішінде біздің жоғалып кеткен институттар: ата-ананы қадірлеу бар, сосын отбасындағы жанжал тек қана бір адамның кесірінен болмайтыны, әулеттің арасындағы алауыздықты бір-ақ сәтте шешуге болатыны және фильмнің ең үлкен идеясы кішкентай баланың аузымен «махаббат» деген сөзбен түйіндеу бұл үлкен идеологиялық жұмыс. Осы ретте бізге міне фильм өндірушілері көрсетіп берді, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Біз балаларымызды тәрбиелейміз десек, дәл сондай мультипликацияда да, басқасында да осындай кейіпкерлер қалыптастыруымыз керек. Жасанды роботтар емес, балалардың өздері сияқты, солардың басындағы жағдайды сипаттайтын, солар сияқты мектепте буллингке ұшырайтын, көшеде, көршілерінен жоқшылықты көріп жатқан бала бар екенін және ол арманына жете алатын мүмкіндік бар екенін көрсетіп, солай тәрбиелеуіміз керек. Қаріргі таңда егер біздің Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет министрлігі дұрыс бір шешімге келсе, айдалаға шашып жатқанша ақшамызды осындай идеологиялық құралдарды оңай пайдалануға болады және соны пайдаланса екен деп ойлаймын», -дейді Ринат Заитов.
Фильмнің тұңғыш көрермендерінің бірі ақын Бауыржан Қарағызұлының пікірінше фильм эстетикалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілген қазақ киносының шынайы эмоцияға толы туындысы.
«Бұл – режиссура мен поэтикалық прозаның, визуал мен ішкі драманың ғажайып тоғысуы деп түсінемін! Бұл фильм – тек көруге емес, сезінуге арналған. Жүректі ауыртады, бірақ сонымен бірге үміт отын да маздатады. Кино көрерменнің жан-дүниесіне нәзік тиіп, ең терең жараларды түртіп өтеді... Жарық пен көлеңке, музыка мен үнсіздік, жылылық пен суық түстердің контрасты – фильмнің әрбір деталі терең ойға жетелейді. Сапалы! Барыңыздар, көріңіздер, өкінбейсіздер!» -дейді Бауыржан Қарағызұлы.
Ақын Ерғали Бақаштың пікірінше бала Ақош пен Таған рөлі әдемі шыққан.
«Дүниені ұстап тұрған мейірім, сүйіспеншілік, махаббат. Егер бұлар болмағанда адамзат не істеген болар еді. Оны тап басып айту қиын…», -деген ақын балалық, аңғалдық, үлкен арманға жету жолындағы қорғансыз жастың бәрібір талабы оңынан болдыдеп қуанды.
«Сәби арман қиял жүзінде қалып қоймай, өз жемісін берді. Жетістік деген осы болса керек-ті!
Ендеше “Болмаған балалық шақ”- ты көріңіздер. Кинодағы нәзік штрихтар адамды ойландырады. Жайшылықта мән бермейтін тұрмыстық- әлеуметтік тұстар өте көп. Бәрін талқылап жазып жату артық. Фильмді әр адам өз көзімен көріп, жүрегімен ұғыну керек», - дейді Е. Бақаш.
«Таза қазақша кино көрген қандай тамаша!»
Журналист Кәмшат Тасболат фильмді сапалы, тілі таза деп бағалады.
«Қазір шала тілде түсірілген жеңіл-желпі фильмдер көп қой. Ал таза қазақша кино көрген қандай тамаша! Осындай сапалы жобалар көп болуы керек! Берік Айтжановтың ойыны сұмдық, кейіпкерін жек көріп кетесің, кішкентай Ақошты ойнаған бала актердың да ойыны бөлек, бозбала Ақберен де шебер ойнаған. Ойландыратын, күлдіретін, жылататын фильм. Режиссерге респект!» -дейді журналист өзінің фейбук парақшасында.
Балжан Жеңісқызы