Фото: egemen.kz
Сіз білесіз бе, елімізде 11 мыңға жуық кітапхана, 300 миллионнан астам кітап бар екен. Осыған орай оқитын ұлт, оқитын ұрпақ қалыптасып келеді. Яғни әрбір төртінші қазақстандық кітап оқиды. Ult.kz тілшісі «Бүгінгі жастардың кітап оқуға ынтасы қандай?», «Қандай жанрларға қызығады?», «Мамандар қандай кітап оқуға кеңес береді?» деген сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Ауыл оқырманына заманауи кітаптар жетпейді
Kitapal компаниясының маркетологі Мирас Кесебаев сапалы кітапқа сұраныс көп екенін айтады. Сөзінше, 2018 жылдан 2023 жылға дейін оқырман тұлғалық дамуды мақсат тұтатын, психологияны зерттеуге қатысты, шабыт беретін, бизнесті үйрететін кітаптарды жата-жастана оқыған. Шетелдік авторларды қойып, отандық авторлардың кітабы да мықты сұранысқа енген.
Фото: Мирас Кесебаевтің жеке мұрағатынан
«Кітабы шықпай жатып, алдын ала тапсырыс берудің өзі 20 мыңнан асып кеткен авторлар да бар. «SAMGA» баспасынан шыққан Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» кітабы 140 мыңнан аса тиражбен, Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабының 100 мыңнан астамы сатылды. Мұны енді халықтың білімге, өзін-өзі дамытуға, тануға, жетілдіруге деген құлшынысымен байланыстыру керек. Сонымен қатар діни кітаптар да оқырманға үздіксіз кетіп жатты. Ғасыр бойы діни ілімге сусындай алмай шөлдеген халық енді сапалы кітаптарға бас қойғандай әсер қалдырады.
2024 жылдан бастап, оқырманның бір парасы тарихи, әдеби кітаптарға сұраныс түсіре бастады. Соған сай классикалық кітаптардан бөлек, заманауи авторлардың еңбектері жарыққа шықты. Бәрі керемет болмауы мүмкін, бірақ оқырманға соның өзі көңілге жұбаныш сыйлады. Бұл үдеріс бірте-бірте үлкейе береді. Себебі психологиялық білімге құштарлығын толтырған адам қайтадан әдебиетке келеді. Әсіресе ұлт үшін жанын қиған тарихи тұлғалардың өмірбаяны қазір жақсы оқылып жатыр. Біз үшін айдаладағы Бенжамин Франклин емес, өзіміздің Қаныш Сатпаев сынды ұлт зиялыларының сүрген өмірі қызығырақ көрінеді», – дейді Мирас Кесебаев.
Спикердің сөзінше, халықтың 45 пайызы қазір ауылда тұрады. Ондағы оқушыларға қазір шығып жатқан жаңа кітаптар жетпейді. Ауылдағы кітапханаларда көбіне оқушыларға қызықсыз кітаптар толып тұр. Оларға мамандық таңдауға, өзін жетілдіруге, тіл үйренуге, жылдам оқуға, есте сақтау қабілетін арттыруға, өзін тануға, әдет қалыптастыруға, мінезін көркемдеуге көмектесетін, көбірек білуге шабыт сыйлайтын және трендте жүрген (мысалы, «Хәрри Поттер», «Шокоәлем») кітап қажет.
«Осындай қажеттіліктерді ескере келе, «Ауылға кітап ал» деген жобаны бастадық. 2023–2024 жылдары 415 ауылға 21 000 кітап жібердік. Алдын айтқан тақырыптарға сай ең сапалы 50 кітапты сұрыптап, қорапқа салып, ауыл мектептеріне жібереміз. Әрі қарай кітапханашылар оны қорға тіркеп, оқушыларға абонементтік картамен береді. 2025 жылы ауыл санын мыңға жеткіземіз деп мақсат қойдық.
Кітаптың ақшасы үш түрлі жолмен жиналады. Бір қораптың бағасы – 150 мың теңге. Бірінші, Kitapal дүкендерінде сауда жасаған оқырман 200 теңгеден қорға аударады. Осылайша, бір айдың ішінде 2–3 ауылдың ақшасы жиналады. Оларды Қазақстанның солтүстік облыстарына жібереміз. Сол жақта «Серпін» бағдарламасымен оқып жүрген студенттер әр қорапты әр ауылға жеткізеді. Екінші, әр ауылдың азаматтары, мысалы, мектеп бітіріп жатқанына 10–20 жыл толған түлектер ақша жинап, қорапты сатып алады да, мектебіне сыйлайды. Үшінші, қалталы азаматтар өз қаражатына туған ауылына деп бір-екі қорапты сыйлайды. Мұнда негізі студенттердің үлесі көбірек. Белсенділік танытып, жан-жақтан ақша жинап, өз ауылына жеткізгенше тынбайды.
Оқушылардың пікірі, қуанышы деген керемет! Біз апарған кітаптарды кезекке тұрып алып оқиды. Өйткені 500–1000 бала оқитын мектепке 50 кітап деген жұқ болмайды. Осы кітаптарды оқыған оқушылардың арасынан болашақта мықты азамат, намысты тұлға шығатынына сенеміз», – дейді Мирас Кесебаев.
Әдебиетте классика маңызды
Сонымен қатар, спикер алғаш кітап оқитындарға тілі жеңіл, сюжеті қызықты, классикалық кітаптар оқуға кеңес береді. Мысалы: «Гауһартас», «Ұлпан», «Балалық шаққа саяхат», «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Бір атаның балалары», т.б. Содан кейін кітап оқуға деген махаббат оянып, әрі қарай күрделі кітаптарға өте бастайды.
«Сонымен қатар, тарихта ізі қалған адамның өмірбаянын, туған еліңнің тарихын оқуға кеңес беремін. Жақсы адамның өмірі жұғады, жүрегіңе сәулесін қалдырады, өмірлік мақсатыңды қалыптастыруға түрткі болады», – дейді ол.
Ал Ұлттық кітапхананың қызметкері Қанат Алтынбек ұлтты жаңғыртатын көркем әдебиет екенін тілге тиек етті. Кітапқа деген сұранысты қалыптастыратын – өндіріс. Кейін ол кезде кітаппен «бәсекеге» түсер бұл күнгі гаджеттердің бірі де жоқ болатын деген спикер кітап оқылмайды дегенге келіспейтінін жеткізді.
Фото: Қанат Алтынбектің жеке мұрағатынан
«Меніңше, оқырманның кітапқа деген ынтасын ояту үшін әдеби агенттердің саны артуы қажет. Шығарманы жарнамалайтын, негізінен, әдеби сын. Егер сыншы жаңа кітапты тас-талқан етіп сынап тастаса, оның таралымы да азаяды. Керісінше, әділ сынмен шығарманың өзіндік артықшылығын айшықтап беретін сыншылардың мақаласын оқыған оқырман ең бірінші сыншының сынына сеніп кітапты оқитын. Әрине, бұл өткен күннің тәжірибесі. Бірақ оны ескірген дей алмаймыз. Оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын оята салу, расында, оңай шаруа емес.
«Бүгін кітап оқылмайды» деп аузымызды құр шөппен сүртуге болмайды. Кітап оқылады. Бірақ классикалық көркем әдебиеттің орнын шетелдік мотивациялық, психологиялық кітаптар жаулап жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Десек те өзім танитын адамдарым мейлінше көркем әдебиеттің қасиетті кәусарынан шөлін қандырып жүр. Орайы келгенде айта кетсем, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде Нұрбек Сағидоллаев, Санжар Сейсенбаев, Хамза Берден атты жігіттер кітапты оқып, одан түйгенін көпшілік назарына ұсынып келеді. Оқырманды, меніңше, осылай инемен құдық қазғандай етіп, көркем әдебиетке қызықтыру керек. Әңгіменің ашығын айтар болсақ, соңғы бес жылдықты есепке алмағанда, оқырманға ұсынар жаңа әдебиет қатары молайған жоқ еді. Соңғы жылдары жаңа заман талаптарына сай жазылған роман мен әңгімелер ептеп көбейіп келе жатыр. Ал солардың қайсысын алсаңыз да, оқырманның назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Кітап оқуға қызығушылық ортаға деген қызығушылықтан басталады. Сондықтан жастар легі өз дамуы үшін дамушы орта қалыптастыруы ләзім», – дейді Қанат Алтынбек.
«Абайды, Мұхтарды, Қадырды оқыған адам қиянатқа бармайды»
Кітапханашының сөзінше, кітап оқуда әркімнің талғамы әртүрлі. Ол – заңдылық. Спикердің кез келген адамға ұсынып келе жатқан саласы – қазақ классикалық көркем әдебиеті.
«Соның ішінде, сөзсіз, Мұхтар Әуезовтің салмақты шығармаларынан бастап кеңестік кезеңде өмір сүрген қазақ әдебиетінің алыптарын түгел оқуға үндеймін. Ал менен «ең көп оқитын авторыңыз кім» деп сұрасаңыз, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовті айтар едім. Қазақ көркем сөзін жетік қолдана отырып, тарихымыздың солқылдақ тұстарын реттеп жазған шығармаларын оқу арқылы руханиятымды байытамын. Бір сөзбен айтқанда, оқырман өзіне керекті кітапты ерте ме, кеш пе, сөзсіз, табады. Осы орайда кітапты қалай таңдап оқу керек деген сауалға көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Темірхан Медетбектің «Бір кітапты таңдап оқу үшін он кітапты оқу керек, он кітапты таңдап оқу үшін жүз кітапты оқу керек» деген сөзімен жауап берер едім. Сөзімнің соңын Қабдеш Жұмаділовтің мына бір сөзімен аяқтасам: «Халық жолдаулар мен жалған ұрандармен жаңғырмайды, ұлтты жаңғыртатын да, дамытатын да көркем әдебиет. Абайды, Мұхтарды, Қадырды оқыған адам қиянатқа бармайды». Кітап оқиық, кітап оқу арқылы ғана рухани мүгедек болудан сақтанамыз», – дейді кітапханашы Қанат Алтынбек.
Ақбота Мұсабекқызы