Бүгін Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толып отыр. Осыған орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарды арнайы құттықтап, екі жылда еңсерілген жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өңір басшысы өз сөзінде түгел түркі дүниесінің көшбасшысына айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи тағылымды Жарлығы Түркістанның түлеуіне ерекше серпін бергенін атап өтті. Содан бергі 2 жылда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын да тілге тиек етті.
«Осыдан тура екі жыл бұрын маусым айында Ұлы Түркістан даласында үлкен жаңалық болғаны белгілі. Қазақстанның ғана емес, мен Түркістан облысы құрылды. Елбасының арқасында түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Көреген көшбасшымызға ұзақ өмір, қажымас қайрат тілеп, бүкіл түркістандықтар атынан шынайы Алғысымызды да жеткізгім келіп отыр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз тарапынан жаңа Түркістанның өрлеуіне барынша қолдау жасап, жан-жақты дамуын тікелей қадағалап отыр. Тарихи өлшеммен қарасақ, бұл өте қысқа уақыт. Алайда атқарылған қыруар жұмыс нәтижесінде Түркістанның жаңа келбеті, жаңа болмысы қалыптасып келеді», - деді Өмірзақ Естайұлы.
Аймақ басшысы басты мақсат - Түркістанды замануи қала ету, өмір сүруге ыңғайлы, жайлы ету екенін атап өтті. Осы бағытта киелі шаһар арқылы «Батыс Қытай –Батыс Европа» автожолы, темір жол өтеді, жыл соңына дейін іске қосылатын Халықаралық аэропорт – қаланың өсу потенциалын тағы да арттыратыны сөзсіз.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында алғашқы кезекте 175 нысанның құрылысы жоспарланса, соның 102-сі жыл аяғына қарай пайдалануға берілетін болады. Түркістанның туристтік, білім орталығы ретінде дамыту үшін арнайы Туризм және меймандостық универститеті ашылды, рухани-мәдени орталық ретінде дамыту үшін 2019 жылы 9 әлеуметтік нысан тапсырылса, биыл 20 нысан құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Жаңадан қалыптасқан облыста жұмыс істеуге бүкіл республикадан мамандар келіп жатыр, оларды баспанамен қамту маңызды мәселенің бірі болып отыр.
«Өткен жылы қалада 1128 отбасы жаңа пәтерге қоныстанса, бүгінгі күнге түрлі қаржыландыру көздері арқылы 6300 пәтерді құрайтын 136 көпқабатты үйдің құрылысы жалғасуда. Соңғы 2 жылда Түркістан облысының экономикасына түрлі қаржы көздері бағытталған. Бір ғана Түркістан қаласына салынған инвестиция көлемі 160 млрд теңгеден артқан. Өңір ауылшаруашылығы, құрылыс, мәдениет, спорт, инвестиция тарту және басқа салаларда да нақтылы ілгерілеушіліктерге жетіп отыр»,- деді облыс әкімі.
Өмірзақ Естайұлы толымды табыстардан бөлек, облыста соңғы жылдары бірқатар қиындықтар да орын алғанын жасырмады. Арыс жарылысы, Төлеби мен Мақтаарал ауданындағы су тасқыны зардаптарын жою жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл қиындықтарды бірге еңсеріп келе жатқан облыс жұртшылығына алғысын білдірген өңір басшысы түркістандықтарды жаңа тарихтың жазылуына үлес қосуға шақырды.