15 там, 2020 сағат 07:25

Бүгін Шәмші Қалдаяқовтың туғанына – 90 жыл: Композитор туралы ұлы сыр шертті

15 тамызда аты аңызға айналған сазгер, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толады. Оның ұлы Мұхтар Қалдаяқов халық әртісінің өмірі мен отбасылық құндылықтары туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Болашақ халық композиторы 1930 жылы 15 тамызда елдің оңтүстігіндегі шағын ауылда дүниеге келді. Оның әкесі зергер, темір ұстасы болған. Десек те, өнерден де құры қол емес еді. Қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері адам. Анасы да ән салатын. Шәмші бала кезінен өнерге бейім болды. Кішкентайынан мандолинада ойнап, алғашқы әндерін жаза бастады.

«Әкем Тимур совхозында, қазіргі Түркістан облысының Шәмші ауылында дүниеге келді. Ол әрдайым: «Мен атақты қолбасшы, батыр ақсақ Темір қайтыс болған жерде тудым», - деп айтып отыратын. Ол дүниеге келгенде атын Жәмшид деп қойған. Кейін Шәмші болып кетті. Атамның шын есімі Әнәпия. Аяғында туа біткен үлкен қал болған. Сондықтан Қалдыаяқ болып кетті. Бүгінде оның лақап аты аңызға айналды ғой»,– дейді Мұхтар Қалдаяқов. 

Шәмші Қалдаяқовтың балғын балалық шағы қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Екінші дүниежүзілік соғыста 15 жастағы бозбала тракторшы болып жұмыс істеді. Кейін техникалық училищеде ветеринар мамандығы бойынша оқыды. Содан кейін Ақтөбе облысына қарасты бір ауылда еңбек етті.