Коллаж: egemen.kz
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Әлемнің 122 еліндегі 800-ге жуық тарихи-мәдени құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Ал Қазақстанда ұлттық құндылық саналатын 25 мыңнан аса тарихи-мәдени ескерткіш бар, деп жазады Ult.kz.
Қазақстанда тарихи орындар мен ескерткіші көп аймақтың бірі – Маңғыстау облысы. «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының» директоры Нұрлан Құлбаевтың айтуынша, қазір Маңғыстау облысы бойынша 590 тарих және мәдениет ескерткiші мемлекеттiк тізімге енгізілген, оның iшiнде 20 ескерткіштің республикалық маңызы бар. Олар 350 археологиялық нысан: тас дәуiрi елдi мекендерiнiң орындары, қола және темiр дәуiрiнiң дiни-қабiрлеу кешендерi, ортағасырлық Ұлы Жiбек жолындағы қалалар, бекіністер, керуен-сарайлар, сондай-ақ үлкен-кіші сәулет туындылары шоғырланған 176 ансамбльді кешен мен 64 сәулет және қала құрылысының ескерткіші. Бұған қоса 900-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектісі алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, Нұрлан Құлбаев археологиялық тастардағы көне жазуларды оқитын бірден бір маман.
Фото: Нұрлан Құлбаевтың жеке мұрағатынан
«6-сыныпта ауылдың молдасынан әптиек (араб грамматикасы бойынша әліппе) оқып-үйренгенмін. Одан әрі өзім кітаптардан оқып, білімімді жетілдіріп отырамын. Кейін 2006 жылы осы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына маман болып келіп, ескерткіштер мен құлпытастардағы араб графикалық жазуларды оқып, тәжірибе жүзінде де қолданып, аударма жасай бастадым.
Эпиграфикалық жазбаларды жарыққа шығару, әсіресе құлпытас жазбаларын жариялау әрқашан да маңызды. Бұл жұмыстардың бір мақсаты – мұндағы мәлімет ата-бабаларымыздың әлеуметтік байланысы мен мәдениеті туралы түсінігімізді байыта түседі. Эпиграфикалық дереккөздері арасында эпитафиялар өзіндік артықшылықтарымен ерекшеленеді. Олар тас шеберлерінің есімін, сондай-ақ ескерткіштің салыну уақытын анықтауға мүмкіндік береді, қабірдің иесі туралы нақты мәліметтер жеткізеді, өмір сүрген жылдары, мекені, шығу тегі, шежіресі, тұлғаның басқа да өмірбаяндық тарихы, тарихи оқиғаларға қатысы туралы бірегей мәліметтерді қамтиды», – дейді Нұрлан Абызұлы.
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытуда маңызды рөл атқаратын ірі мәдени мекемелердің бірі. Жыл өткен сайын бұл мекемеге келушілер саны артып келеді. Мәселен, музей-қорықтың экспозициялық залы мен археологиялық нысанына жыл сайын 500 мыңға жуық адам келсе, оның ішінде 10 мыңнан астамы – шетелдік турист.
Фото: Қуаныш Шохаевтың жеке мұрағатынан
«Музей-қорық аймағындағы негізгі археологиялық нысандар – Отырар төбе, Арыстан баб кесенесі сияқты тарихи орындар туристік маршруттарға енгізілген. Еліміз бойынша негізінен, Шымкент және Түркістан қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар сияқты ірі қалалардан келушілер саны басым. Түркістан облысының тарихи-туристік әлеуеті жоғары болғандықтан, өңірге келген қонақтың көпшілігі міндетті түрде Отырарға соғып, көне қаланың орнын, музей жәдігерлерін және Арыстан баб кесенесі секілді мәдени-рухани нысандарды аралайды.
Шетелдік туристер арасында Еуропа елдерінен – Франция, Германия, Италия және Нидерландтан келетін қонақтар ерекше қызығушылық танытады. Сонымен қатар Азия мемлекеттерінен – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Түркиядан келушілер де жыл сайын артып келеді. Бұл елдерден келген саяхатшылар Отырар өркениетінің бай тарихына, археологиялық ескерткіштерге, Шығыстың әйгілі ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жеріне айрықша мән береді», – дейді Қуаныш Шохаев.
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы директоры Әзілхан Тәжекеевтің айтуынша, тарихымыз бен ескерткішімізді сақтап қалу мәселесі де өзекті. Алайда археолог мамандардың жетіспеушілігі жасырын емес.
Фото: zakon.kz
« Елімізде ескерткіштер өте көп. Жыл сайын археологиялық барлау барысында қаншама ескерткіш табылады. Сондықтан қазір ескерткіштердің нақты тізімін шығару мүмкін емес, ол үнемі өзгеріп отырады. Кейбір ескерткіш тізімнен қысқарады, себебі оларды құм басып қалу қаупі зор. Қазір жер игеру өте қарқынды жүріп жатыр. Жол салу, әртүрлі газ-мұнай, электр желілерін тарту, сонымен қатар егістік алқаптары мен жайылым алқаптарының игерілуі ескерткіштерді жоятын себептердің біріне айналған. Ал археолог-этнолог деген маманды Қазақстан бойынша төрт-ақ оқу орны дайындайды екен. Демек, маман да тапшы. Кәсіби археологтердің саны аз. Бұл да шешілуі тиіс мәселенің бірі», – дейді Әзілхан Тәжекеев.
Ақбота Мұсабекқызы