Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан кеншілерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құрметті тау-кен өндіру өнеркәсібінің қызметкерлері! Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымы сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Кеншілер күнімен шын жүректен құттықтайды. Кенші мамандығы – отандық өнеркәсіптегі ең күрделі әрі батылдықты қажет ететін салалардың бірі, себебі бұл жолды өмірлік ісі ретінде таңдаған адамдар күн сайын ерлік жасайды. Осы мамандық өкілдеріне арнайы құрмет көрсету дәстүрі бүгінде түрлі елдерде тұратын көптеген жандарды біріктіреді. Кеншілердің еңбегі кез келген мемлекеттің табысты экономикалық дамуының маңызды бағыты болып саналады», - деп жазылған министрлік сайтында.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан көмір қоры жөнінде көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Көмір қорының 90% астамы елдің солтүстігінде және орталық бөлігінде шоғырланған.
Тәуелсіздік жылдары отандық көмір өндіруші кәсіпорындар 2,6 млрд тоннадан астам көмір өндірді, 0,7 млрд тоннадан астам көмір таяу және алыс шетелге экспортталды. Бүгінде республиканың көмір саласы электр қуатын шамамен 70%-ын өндіруді, кокс-химия өндірісінің жүз пайыз жүктемесін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады.
Сонымен бірге, елімізде «Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы», «2019-2020 жылдар кезеңіне арналған коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтар мен халыққа арналған көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары» жүзеге асырылуда.
«Барлықтарыңызға осынау қиын жұмысыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Жоғары кәсіпқойлық пен табандылықтың арқасында кеншілер алдағы уақытта да ел экономикасын дамытуға лайықты үлес қосарына сенімдіміз. Бүгінгі таңда жұмыс әдістері жаңарып, жетіліп келеді. Бірақ ең бастысы — саладағы ардагерлер ұрпақтарының даңқты дәстүрі сақталуда. Кеншілер күні – кен өндіру өнеркәсібі ардагерлеріне алғыс айту, кеншілер ісіне жауапкершілікпен қарау, жанқиярлыққа құрмет білдіру мерекесі. Кәсіби мереке күні барлық кеншілер мен ардагерлерге мықты денсаулық, бақыт пен амандық, кез келген бастамаларыңызға табыс пен сәттілік тілейміз!», - дейді ҚР ИИДМ.