03 қыр, 2021 сағат 13:15

Будапешт пен Нұр-Сұлтан арасында әуе рейсі ашылады


Қазақстан мен Венгрия арасында тұрақты әуе рейсі ашылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, 31 тамызда Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда Қазақстан мен Венгрия арасындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесі қаралды. 

«ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Венгриядағы ҚР Елшілігінің бірлескен жұмысының арқасында 2021 жылғы 9 қыркүйектен бастап Венгрияның «Wizz Air« әуе компаниясы Будапешт пен Нұр-Сұлтан қалалары арасында А320 ұшақтарымен аптасына 1 рет тұрақты рейстерді қайта бастауды жоспарлап отыр. Венгрияға жасалатын рейстер санын ұлғайту мәселесі эпидемиологиялық жағдайға және ведомствоаралық комиссияның тиісті шешімдеріне байланысты қабылданады», - деп атап өтеді министрліктен. 

Айта кетерлігі, рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.