29 қыр, 2020 сағат 07:26

Брюссельде 1 қазаннан бастап карантин шаралары күшейтілмек

Брюссель үкіметі коронавирус инфекциясымен күрес бойынша қатаң шаралар қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл бір апта ішінде Бельгияда енгізілген тыйымдарға қатысты болып отыр. 

Бельгияның ұлттық қауіпсіздік кеңесі 23 қыркүйекте көшеде маска кию міндетін және кәсіби ұйымдастырылған кештердегі меймандар санына шектеуді алып тастады. Алайда Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұл шаралары медициналық сарапшылардың наразылығын тудырды, олар корольдіктің қауіпсіздік органы олардың пікірін елемеді деп мәлімдеді. Фламандияның бес университетінің ректорлары да қарсы болды, олар өз студенттеріне карантиннің бұрынғы қағидаларын ұстануға кеңес берді.

Осыдан кейін Брюссель өңірінің үкіметі коронавирустың таралуына қарсы күресті күшейту үшін өз шараларын енгізуде. Брюссельдің министр-президенті Руди Вервурт аймақтағы дағдарыс тобының шұғыл отырысын шақырды, оның құрамына19 коммунаның мэрі, алты полиция аймағының басшысы, Брюссель округінің бас әкімшісі және бас прокуроры кіреді.

Жаңа талап бойынша, Брюссель барлары сағат 01:00 орнына 23:00-де жабылуы керек. Сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін оннан астам адамның жиналуына жол берілмейді. Тамақ пен сусын сататын барлық дүкендер 22:00-де жабылуы тиіс. Көше базарларында тамақтануға тыйым салынады. 

Аталған шаралар 2020 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді. Қатаңдатылған жаңа шаралар Бельгия астанасында инфекциялар санының өсуіне байланысты. Қазіргі уақытта ел бойынша жаңа жағдайлардың орташа тәуліктік саны 1528,7 құрайды, Брюссельде ол кез келген провинцияларға қарағанда көп, яғни 2305 құрайды.