12 там, 2020 сағат 07:34

Британиялықтар Абай өлеңдерін оқыды

Ұлыбритания жұртшылығы Абай өлеңдерін оқудан челленджге қатысты. Саясаткерлер, ғалымдар және шығармашылық интеллигенция өкілдері қазақтың ұлы ойшылының туындыларын ағылшын тілінде оқып, әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жобаға қатысушылардың қатарында Ұлыбритания парламенті беделді мүшелерінің бірі, консерватор Боб Стюарт бар. Ол Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» өлеңін оқыды. Челлендждің тағы бір қатысушысы Барни Крокетт - Абердин қаласының лорд-мэрі. Ол ұлы ақынның түпсіз терең философияға толы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінен үзінді келтірді. Қазақстанның Уэльстегі Құрметті консулы және Уэльстің консулдық қауымдастығының мүшесі, Британ-Қазақстан қоғамының мүшесі Дуглас Таунсенд оқырмандарына «Көк тұман — алдыңдағы келер заман» деп басталатын жыр жолдарын жолдады. 

«Integrative Media Ltd» компаниясының атқарушы директоры Алан Спенс Абай поэзиясына арналған челленджге «Қыс» атты өлеңінің бір шумағын оқып берді. Оның пайымдауынша, аллегориялық тұрғыда өлең ақын заманынан біздің заманымызға дейінгі уақытты меңзейді. «Абай ХІХ-ғасырдағы тау мен дала атынан бүгінде бастан кешіп жатқан барлық ауыртпалықтар туралы сыр шертеді: COVID дағдарысы, экономикалық хаос, шулы жаһандық қарым-қатынас, біз бірге мекен етіп жатқан планетаны қорғай алмай отырған саясат. Жаһандық пандемия кезінде ілмегіне ілген індетке - «қыспен бірге тұмсығын салған қасқырларға» әлем төтеп бере алады. Бірақ алдағы уақытта болуы мүмкін басқа да алапаттарға дайын болуымыз маңызды. Біз Абайдың бұл ескертуіне құлақ асуымыз керек», деді Алан Спенс. 

Ұлыбритания саяси тұлғаларының, ғылыми және шығармашылық интеллигенциясы өкілдерінің пайымдауынша, Абай поэзиясы отандастары Шекспирдің шығармашылығымен пара пар - әрдайым өзекті және зор сұранысқа ие. 

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, челлендж - Абайдың 175 жылдығына орай Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі жоспарлаған бірқатар шараның бір парасы. Жыл соңында Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жаңа жинағының тұсаукесері Британ кітапханасында өтпек. Сонымен қатар, Абай әндерінің кітабы тарихта тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрмек. Бұдан бөлек айтулы дата құрметіне қазақстандық және британиялық орындаушылардың онлайн концерті ұйымдастырылады. 

«Абайдың әрбір өлеңі адамзатқа деген, адам баласына деген сүйіспеншілікті насихаттайды. Сондықтан Абайдың өлеңдерін өзіміз ғана оқып қоймай, сонымен бірге барша әлем халықтарымен бөлісуіміз керек, деп ойлаймыз. Осы арқылы біз Абайды дәріптеу, насихаттау, Абайдың мұрасымен бөлісу ісіне кішкене ғана үлесімізді қоса аламыз деп үміттенеміз», деді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің хатшысы Кәмшат Күмісбай.