Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға шолу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
SARS-CoV-2 ешкімді аямайды. Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі COVID-19-бен сырқаттанып қалды.
Саджид Джавид Twitter парақшасында екі доза вакцина қабылдағанын және өз ағзасында аурудың «жеңіл» белгілері көрініс беріп жатқанын жазды.
Қазіргі уақытта министр отбасымен бірге өз үйінде оқшауланған. С. Джавид аурудың ауыр зардаптарын болдырмас үшін британдықтарды вакцинацияға шақырды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Ұлыбританияда соңғы тәулікте 51 870 жаңа індет жұқтыру дерегі анықталды.
КВИ фактілерінің жалпы саны 5 332 371-ге дейін артып, Ұлыбританияда коронавирустың салдарынан қайтыс болғандар саны 128 642 адамға жетті.
Бұл елде ересектердің 87%-дан астамы вакцинаның алғашқы дозасын қабылдады, екеуін де салдырғандардың үлесі - 67%.
Иранда COVID-19 вирусын жұқтырған азаматтардың саны өсіп отыр. Өткен тәулікте 15 139 жаңа жағдай анықталды. Вирусты жұқтырғандардың жалпы саны 3 501 079-ға жетті.
Елдің денсаулық сақтау министрлігі коронавирус құрбандарының саны 86 966 адамды құрағанын растап, соңғы 24 сағат ішінде 175 адам қайтыс болғанын жариялады.
Иранның COVID-19-бен күрес бойынша ұлттық штабының ресми өкілі Алиреза Раиси бұл елде дельта штамы тез тарап жатқанын мәлімдеді.
Бүгінге дейін Иранда коронавирусқа қарсы 5 891 385 адамға вакцина егілген, оның 2 252 021-і екі дозаны да алған.
Қалыпты туристік маусымға тағы қауіп төніп тұр. Еуропа шектеулерді қайта күшейте бастады.
Испанияда түнгі жағажай кештеріне тыйым салынады, елде коменданттық сағат енгізілген.
Түнгі сағат 1-ден таңғы 6-ға дейін коронавирус жұқтыру қаупі жоғары аумақтарда далаға шығуға тыйым салынған.
Карантин шектеулері Барселонада және әйгілі Ситжес, Салоу және Льорет-де-Мар курорттарында енгізілген.
Шектеулер елдегі дельта штамын жұқтырғандар санының көбейгеніне байланысты енгізіліп отыр, әсіресе, вакцинациядан бас тартқан жастар арасында ауру тез тараған.
Грекия да карантин талабын күшейтті. Тамыздың соңына дейін тек вакцинацияланған адамдар мейрамхана, бар, театрлар мен кинотеатрларға бара алады.
Елдегі инфекция жұқтырғандардың көпшілігі дельтамен сырқаттанған. Билік вирустың таралуына барлар мен мейрамханаларды кінәлайды.