Кеңестік кезеңде халқымыздың тарихы мен мәдениетін кемсіту мақсатында айтылатын «көшпенділерде қала мәдениеті қалыптаспаған» дейтін түсінік болды. Бұл түбірімен қате ұғым. Соңғы жылдары отандық әлеуметтанушылар тарапынан, өркениет атаулыны тек отырықшы қоғаммен байланыстыру түбірімен қате деген пікірлер айтылып жүр. Академик-қыпшақтанушы Б.Көмеков: «Өркениет дегеніміз – мемлекет, қала, жазу-сызу, руханият дейді. Ал көшпелі қоғамның болмысы жоғарыдағы төрт заңдылыққа сыймайды. Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында: мал шаруашылығы, егіншілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам» дейді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, апайтөс даламыздың қолат-қойнауында зерттелмей жатқан ежелгі қала мәдениетінің үлгілері қолға алынды. Соның бірі – елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының оңтүстік-батысына қарай бес шақырым қашықта орналасқан Бозоқ қалашығы. Бұл нысан туралы алғашқы мәлімет 1816 жылы Орталық Азияға сапар шеккен орыс офицері Иван Шангиннің жолжазбаларында кездессе, 1929-1930 жылдары өлкетанушы Л.Семенов ескерткішке алғашқы барлау жұмыстарын жүргізген.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінің 118-бетінде: «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады» деген өзекжарды тұжырымын айтып: «1820 жылы Ресей императорлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штаб тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл-Нұра бойын зерттеп, Бозоқ көлінің жағасында көне қалашық орны барын баяндаған. Осы дерекке сүйене отырып мен Астана төңірегінің археологиялық картасын жасауға бастама көтердім... Сонымен 180 жылдан кейін, 1999 жылы осы жұмысты атқаруды зор құлшыныспен қолға алған академик Кемел Ақышев бастаған археологиялық экспедиция қазіргі Астанадан он бес шақырым жерде жатқан қаланы қазуға кірісті. Кейін анықталғандай, қаланың нағыз атауы Бозоқ екен. Ғалымдар қаланың гүлденуі Х-ХІІ ғасырларға келетінін анықтады. Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы екендігін дәлелдеп отыр» деп жазған екен.
Елбасының жоғарыдағы пайым-пікірі соңғы жылдары қалашық аумағына жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде толық дәлелденіп отыр. Нысанға 1999 жылдан бастап тұрақты зерттеу жүргізіп келе жатқан Есіл стационарлық археологиялық экспедициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның қорытынды есебіне қарағанда, Бозоқ ескерткіші хронологиялық тұрғыдан түрлі нысандар кешенінен тұрады: ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б. Сонымен қатар қалашық материалдары төрт ортағасырлық мемлекеттік құрылымның тарихын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені байқалады. Оған дәлел – стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қалдықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монеталар тағы басқа Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағының исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасырларда мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді.
Бозоқ қалашығының ерекшелігі – далалық қала мәдениетінің үлгісі ретіне танылуы және бұдан мыңдаған жыл бұрын пайда болған ерекше тарихи ескерткіш ретінде сақталуы. Ескерткішке жүргізілген археологиялық зерттеулер қалашық құрылысының тарихи хронологиясын анықтады. Ондағы қорытынды бойынша «VI ғасырда ежелгі түркілер қуатты әскери мемлекет құрып, Өтукен даласынан батысқа қарай Дунайға көшкен кезде VII ғасырда бұл территорияны игерген» деген ғылыми болжам айтылуда.
Есіл өзенінің аңғары Бұзықты көлінің шығыс жағалауында орын тепкен қалашықтың негізі құрылымы – 65х55 метр аумақты қамтыған, жалпы көрінісі үш жапырақты гүл тәріздес үш бөліктен (алаң-квартал) тұрады. Бекініс тереңдігі 2-3, ені 3-5 метр болатын ормен қоршалып, сыртқы жағынан шикі кірпішпен қамал қабырға тұрғызылған. Бұл қамал қабырға табанының қалыңдағы шамамен 8, үстіңгі жағының ені 5, биіктігі 2-3 метр болғаны археологиялық өлшем нәтижесінде анықталып отыр.
Сондай-ақ қалашықтың негізгі элементі – солтүстік алаңы. Оның ішкі платформасы ормен қоршалған. Көлемі 35x35 шаршы метр. Алаң барлық жағынан тығыз жабылып, ежелгі қонысқа апаратын жалғыз өткел оңтүстік жағында орналасқан. Қалашықтың композициялық жағдайы мен дизайндық ерекшеліктеріне назар аударған адам – солтүстік алаң күллі бекіністің өзегі екенін аңғарады. Бұл бөлікке қазба жұмысы жасалып, төменгі қабатынан ерте ортағасырлық ғибадатхананың қалдықтары және адамның қаңқасы табылды. Қалашықтың келесі бөлігі оңтүстік алаң болса, ол да ені 3, тереңдігі 0,8-1 метр ормен қоршалған және платформасында қос қақпаның сорабы сақталған, үшінші бөлік – шығыс алаң ішкі пайдалануға арналған.
Зерттеушілер пайымы бойынша, X ғасырда бұл жерге қыпшақ тайпалары өз қағандары үшін резиденция тұрғызған. Өйткені бұл мекен геостратегиялық тұрғыдан Сарыарқаның кіндігі – солтүстік Сібір бассейні: Есіл, Сілеті, Шідерті, Нұра, Сарысу өзендері тармағында орналасқан. Яғни Бозоқ қалашығы – еуразиялық кеңістікті игеру жолындағы қыпшақтардың алғашқы ордасы болып табылады.
Ескерткіштің келесі кезеңі XIII – XIV ғасырларға жатады. Бұл Алтын Орда дәуірі. Бұл кезеңге хронологиялық тұрғыдан қазба барысында анықталған тұрғын үйлер мен кірпіш күйдіретін пештер жатқызылуда. Сонымен қатар қорымдағы сәулеттік нысандардың әртүрлілігі (күйдірілген кірпіштен жасалған тікбұрышты кесенелер) исламның далалық аймақтарда таралуының алғашқы кезеңін айғақтайды. Оның сыртында, ескерткіштің солтүстік шетінде орналасқан көпкамералы тұрғын үйлер XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың ортасына тән. Тұрғын үйлерді бұлай жоспарлау аналогы еліміздің оңтүстігі мен Орталық Азия сәулет өнерінде кездеседі. Әр бөлмеде биіктігі 20-40 см, ені 0,8-1,0 м болатын U тәрізді сазды суфалар мен мұржасы бар кірпіштен жасалған қабырғаға бекітілген ошақ орналасқан. Қабырғаларға тауашалар салынған. Тұрғын үйлер бөлмесінде керамика сынықтары, темірден жасалған заттар, тас диірмендер, балық сүйектерінен жасалған моншақтар табылды.
Сондай-ақ Бозоқ қалашығы – ирригациялық құрылыс жоспары жасалған Орталық Қазақстандағы алғашқы ескерткіш. Мұнда аумағы 1000х300 метрді құрайтын суару жүйесімен жабдықталған диханшылық кәсіп аймағы анықталып отыр. Суару құрылымы негізгі арнадан, бірінші, екінші таратқыштардан және білікшелер жүйесінен тұрған. Негізгі арна Бұзықты көлінен шығысқа қарай 580 метр созылып жатыр. Оның ені бір, тереңдігі 0,3 метр. Мұндай суару жүйесі Есіл алқабының табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көлдерді табиғи су қоймасы ретінде игеруімен құнды. Қоймалар көктемгі су тасқыны кезінде суға толады. Жазда, қажет болған жағдайда суды арналар арқылы егіндікке ағызып отырған.
Қалашық сонымен қатар керуен жолдары түйілісінде маңызды рөл атқарып, егіншілік, балық аулау және керуен саудасын басқарумен айналысатын қоныс ретінде өмір сүрді. Бұған стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қалдықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, монеталар және т.б. артефактілер дәлел. Ал ХІV ғасырда Нұра-Есіл аймағының исламданған ақсүйектерінің рухани орталығы болып, мәдени-мемориалдық кешендер салынды.
«Ең бастысы Бозоқ қалашығы – Қазақстанның далалық аймағының алғашқы ортағасырлық, соның ішінде, шығыс Дешті-Қыпшақтың дала аймақтарын исламдандырудың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр», дейді музей-қорықтың ғылыми хатшысы Айнагүл Ғаниева.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ерте дәуірде Ұлы далаға иелік еткен түркі-қыпшақтарға, одан кейінгі Алтын Орда дәуіріне ортақ нысан «Бозоқ» қалашығы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен бой көтерген елорданың еуразиялық кеңістігіндегі ежелгі ізі екені анық. Осы орайда, Елбасы тапсырмасымен 2018 жылы «Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» құрылып, аталған мекемеге болашақта қалашық аумағына Ұлы дала мәдениетінің жиынтығы істеттес аспанасты музейін ашу жайлы міндет жүктелген болатын.
Қазіргі таңда бұл істің атқарылу барысы және белгіленген жоспарымен танысу мақсатында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық директоры Сәуле Бөрібаеваға жолыққанымызда:
– Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды істің бірі – 2004 жылдан бастап Қазақстан аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер мен нысандарды қалпына келтіруге бағытталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Осы бағдарлама негізінде 2004 жылы Бозоқ қалашығында шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық ғылыми форум өтті. Форумның қорытындысы бойынша қарар қабылданды және қалашықтың ғылыми және мәдени маңызы туралы сараптамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп алғаш рет ескеркіш материалдары Еуразияның ғылыми археологиялық кеңістігіне енді. Сөйтіп 2006 жылы «Бозоқ» археологиялық ескерткіші негізінде Ұлттық табиғи-тарихи саябағын, нақтырақ айтқанда аспанасты музейін құру жоспарланған болатын, – дейді Сәуле Бөкейханқызы.
– Мұндағы аспанасты музейін құрудағы басты мақсат не?
– Басты мақсат – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сипатталғандай, ата-бабаларымыздың жетістіктерін бейнелейтін музей-қорықтың сәулет көрінісін тұжырымдап, ойын-сауық, демалыс, спорт, денсау-лық функциялары маңызды болатын сапалы жаңа форматты жанды музей құру. Яғни көне қалашыққа жүргізілген археологиялық қазбалар негізінде «Ашық аспан астындағы ұлттық саябақ» жобасын іске асырып, сол арқылы еліміздегі ежелгі және ортағасырлық стационарлық ескерткіштерді қалпына келтіру, нақтырақ айтқанда, ежелгі дәуір кезеңдерін бейнелейтін аспанасты музейін құру. Мұндай музейлер әлемдік тәжірибеде бар. Қазіргі таңда елімізде 240-тан астам музей болса, олардың 12-сі қорық-музей есебінде. Бұл барлық музейдің 5 пайызын құрайды. Республика бойынша қазірге дейін бірде-бір республикалық мәртебесі бар археологиялық және этнографиялық бейінді музей жоқ. Осы сұранысты қанағаттандыруға Бозоқ ескерткіш кешені сұранып тұр.
– Болашақта құрылуы тиіс аспанасты музейінің стационарлық құрамы, яғни бөлшек нысандары жайлы айтып берсеңіз?
– Біздің қолдағы жоспар бойынша, аспанасты музей аумағында Археологиялық парк, музей ғимараты, отбасылық демалыс орталықтары, балаларға арналған жасөспірімдер лагері, амфитеатр, биопарк, левадалар, саябақ аймақтары, шығыс базарлары, қолөнер шеберханалары, тақырыптық дәмханалар, шайхана, алма бақтары болады.
Соның ішінде Археологиялық саябақ – Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихында отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне негізделген нәтижелер бойынша жасалмақ. Сонымен қатар бұл жерде энеолит кезеңіне тән Ботай қонысының тұрғын үйлері де тұрғызылады. Бұл – тас дәуірден металл өңдеуге дейінгі технологиялық серпіліс кезеңі мен жылқы өсіру мәдениеті дәуірін әйгілемек. Айналып келгенде, нысандардың барлығы аса үлкен 412 га аумақты алып жатқан Археологиялық саябақты құрайды.
Болашақта салынуы тиіс Археологиялық саябақ алдағы уақытта ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асырудың платформасына айналуы тиіс. Одан кейін сақ кезеңіне тән еліміздегі археологиялық ескерткіштер: Қызылорда облысы жеріндегі Бәбіш мола нысаны қалпына келтіріледі. Одан соң қала инфрақұрылымының металлургиялық көрсеткіштері, Атасу-1, Мыржық, Семиозерное, Талдысай-1 тағы басқа шеберханалар эксперименттік археология әдісі бойынша қайта жаңғыртылмақ.
Ғұндар қонысының еуразиялық үлгісі ретінде: қорғаныс, стационарлық және жылжымалы үйлер, ғибадатханалар тағы басқа нысандар салынса, ежелгі түркі мәдениетінің жазбаша және археологиялық дереккөздерін қалпына келтіру жоспарлануда. Соның ішінде қаған сарай кешені, тұрғын үйлер, қолөнершілер кварталы, монша, петроглифтер тізбегін орналастыру көзделіп отыр. Қазақ хандығы дәуіріндегі орталықтар – Сауран, Сығанақ, Сарайшық және Түркістан қалаларын зерттеу барысында ашылған нысандар қатарынан Сапар орталығы осында салынады.
Бұйыртса, алдағы жылдары инновациялық жоба ретінде іске қосылатын Бозоқ қалашығы еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылым ретінде танымал болады. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналады.
Бекен Қайратұлы,
"Егемен Қазақстан" газеті