24 сәу, 2020 сағат 14:18

Болай тауындағы өрт темекі тұқылынан шыққан болуы мүмкін

22 сәуірде Алматыда Болай тауы отқа оранған болатын. Өрт темекі тұқылынан шыққан болуы мүмкін. Бұл туралы қалалық ТЖД басшысы Серік Әубәкіров брифинг барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еске салайық, Медеу ауданында Болай тауы (Мохнатка) өртеніп, тілсіз жау 1 гектар аумақты шарпыған. 

«Қазір карантин уақыты. Адамдардың көбі үйінде жатыр. Тауға шығып демалатындардың саны азайған. Десекте, тау жолдарымен жүретін адамдар бар. Кеше Болай тауындағы өртті сөндіргенен кейін, мамандар оның қайдан тұтанғанын анықтауға кірісті. Алдын ала болжам бойынша өрт темекі тұқыланан шығуы мүмкін»,- дейді Серік Әубәкіров.

Оның айтуынша, кінәліні анықтау өте қиын. Өйткені бұл жолмен қанша адам жүргені белгісіз.

Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы құрғақ шөпті өртегендерді қатаң жазалау керектігін айтты.

«Бүгінгі таңда 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (200 мың теңгеден жоғары) айыппұл салу жауапкершілігі қарастырылған. Бірақ мен бұл адамдар өртті сөндіруге кеткен шығынды өтеуі керек деп санаймын, бұл ресурстық жұмыс. Техникалық ресурстар жұмсалады, өрт үлкен аумаққа таралады, кейде біз тіпті тікұшақтарды әуеге көтереміз. Өкінішке орай, біз бұл механизмді жалған қоңырау шалғандарға ғана қолданамыз», – деді департамент басшысы.