Коллаж: azattyq-ruhy.kz
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың меншігінде қанша жер учаскесі барын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ол "ығайлар мен сығайлардың" жемқорлық, протекция істерінен сабақ алуға шақырды.
"Болат Назарбаев деген азамат 5 жыл мерзімде Қаскелең, Талғар, Түркістан облысы, Нұр-Сұлтан қалаларында коттедж қалашығы, әкімшілік ғимарат пен базар салу үшін 244 гектар болатын 59 жер телімін алған деген ақпарат бар. Сол кісінің фамилиясына берілген қағаздар менің қолымда", - деп мәлімдеді Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, жер телімдерінің нарықтық бағасы жүздеген миллион доллар тұрады.
"Ал Цифрлық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2 миллионнан аса азамат 10 сотық жер ала алмай телміріп жүр. Бұл неткен әлеуметтік әділеттілік? Конституциядағы теңдік принциптері қайда?
Осындай әлеуметтік диспропорция халықтың ызасын туғызатыны сөзсіз. Біз түсінуіміз керек, мұндай бұраудың міндетті түрде сұрауы болады.
Кеңес аппаратына осы мәселемен терең айналысуды тапсырамын. "Жер аманаты" комиссиясымен бірігіп, бұл мәселені түбіне дейін жеткізіңіздер", - деді Amanat партиясының Мәжілістегі фракциясы жетекшісінің орынбасары.