26 там, 2020 сағат 10:48

Болашақ журналистің ұстаханасы – аудитория немесе университеттің іші емес - Ерлан Сыдықов

Әр телеарна мен радиоарнада журналистика кафедраларының филиалын ашу керек. Бұл туралы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақ журналистің ұстаханасы – аудитория немесе университеттің іші емес, БАҚ қайнаған орта, мекеме. Мысалы, Қазмедиа орталығында, әр телеарна мен радиоарнада журналистика кафедраларының филиалын ашу – ең бірінші осы ақпарат мекемелеріне керек. Студенттер сол жерде жүруі керек. Сол кезде ғана студенттер журналистік цехты сезініп, ақпарат дайындау үдерісіне толық сіңісе алады», - деді Е. Сыдықов онлайн-форматта «Қазақстан Республикасындағы журналистика деңгейі» тақырыбында өткен талқылау барысында.

Сонымен қатар ЕҰУ ректоры университет аясында кәсіби шеберлікті арттыру курстарын ашып, түрлі мамандықты қосымша журналистикаға тартуды да қарастыру керектігін атап өтті.

«Әйтпесе, мысалы, маманданған экономист-журналист, социолог-журналист, заңгер-журналист және басқалары ауадай қажет. Осылардың барлығына қосымша білімді университтер беруі керек», - деді Ерлан Сыдықов.