16 мау, 2021 сағат 19:44

«Болашақ» бағдарламасы отандық медицинаны жаңа сатыға шығарды – Алексей Цой


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Болашақ» бағдарламасының ел медицинасын дамытудағы рөлін атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің қуаты артты. Біз заманауи ғылыми медициналық орталықтарға, Қазақстанда енгізілген бірегей жаңа технологияларға ие болдық. Кардиохирургияның негізі қаланып, ағзаны трансплантациялау біз үшін үйреншікті құбылысқа айналды. Бұрын азаматтарымыз шетелде ғана игілігін пайдаланатын заманауи бірегей технологиялар қазір Қазақстанда кеңінен қолданылады» - деді министрі Медицина қызметкерлері күніне арналған кездесуде.

Оның айтуынша, Қазақстан медицинасының болашағы цифрлық технологиялармен тікелей байланысты. 

«Біздің көптеген әріптестеріміз «Болашақ» бағдарламасының арқасында әлемнің үздік институттары мен жоғары оқу орындарында білім алды. Қазір олар елдегі бірегей медициналық мекемелерде еңбек етіп жүр. Осы жылдар ішінде біз денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін қалыптастырдық, көлік медицинасын, телемедицинаны дамыттық. Қазір медициналық паспорттар мен барлық ақпарат цифрландырылған деңгейге жетті. Цифрлық технологияларды денсаулық сақтау жүйесінің игілігіне жегудің көкжиегі әлі кең. Уақыт орнында тұрмайды. Медицина жаңа қиындықтармен бірге дамып жатыр. Пандемия бүкіл әлем қауымдастығына денсаулық сақтау жүйесінің айналасында шоғырлану қажет екенін көрсетті. Індеттің зерттелмеген, жаңа сипатты болғанына қарамастан, біз толықтай бейімделіп, халықаралық тәжірибені меңгеріп, вирусқа қарсы тұра алдық», - деді Алексей Цой.