Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа капитаны болып Қамшыбек Қоңқабаев сайланды. Бұл туралы АІВА академиясының базасында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қоңқабаев аса ауыр салмақта сынға түсетін боксшы. Ол 2017 жылғы әлем чемпионатында финалға жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын.
«Команда капитаны болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Спортшыларға үлгі болып, жол көрсету - міндетім деп есептеймін. Жаңа жылдан бастап командаға жас боксшылар қосылды. Құрама біршама жаңарып қалды. Бас бапкеріміз де ауысты. Сол себепті, бәріміз бір жұдырықтай жұмылып, Қазақстан намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімізді саламыз», - деді Қоңқабаев.
Бұл күндері Қазақстан боксшылары АІВА академиясының базасында жылдың алғашқы жиынын өткізіп жатыр.
Еске салайық, ұлттық құрама капитаны міндетін атқарған Әділбек Ниязымбетов спорттағы мансабын аяқтаған болатын. Сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын 2009 жылдан бері жаттықтырған Мырзағали Айтжанов қызметінен босатылып, оның орнына Ғалымбек Кенжебаев тағайындалды.