25 қар, 2020 сағат 17:45

Бокстан ҚР чемпионатының үшінші күні: Алғашқы нокаут пен нокдаундар легі

Бокстан Қазақстан чемпионатының үшінші күні тартысты өтті. Шаршы алаңға шыққан боксшылар келесі кезеңге өту үшін аянып қалған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ел чемпионатының таңертеңгі сессиясында 69 келіге дейінгі салмақта қыздар арасындағы жартылай финалға шыққан боксшылар айқындалды. Олимпиада жүлдегері алматылық Дариға Шәкімова мен қарағандылық Жасмин Қизатова, елордалық әлем чемпионы Валентина Хальзова мен жамбылдық Балжан Асқар аталған салмақтағы бас жүлдені сарапқа салатын болды. 

Ерлер арасында 52 және 57 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға бұған дейін қатарынан озық шыққан боксшылар ілікті. Атап айтқанда, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов, жарысты ары қарай жалғастырады. Сонымен бірге олимпиадалық лицензияны иеленген павлодарлық Серік Теміржанов та жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтап, келесі кезеңге өтті. 

63 келіге дейінгі салмақта жасындай жарқылдап жүрген Зәкір Сафиуллин де бүгінгі сыннан сүрінген жоқ. Ол да Олимпиада лицензияның иегері.

Түркістан облысынан келген 25 жастағы боксшы Бекдәулет Ибрагимов ел чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін алматылық Айтжан Әшірханға қарсы өткізді. Кездесу ұзаққа созылған жоқ. 19 жастағы Айтжанның қабағы жырылып кетіп, айқасты тоқтатуға тура келді. Ибрагимов жартылай финалда алматылық Ділмұрат Мижитовпен қолғап түйістіреді. Мижитов та қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, мықтылығын дәлелдеді.

Әлем чемпионаттарының финалисі, Токио Олимпиадасының лиценщиясын алған Әбілхан Аманқұл 75 келіге дейінгі салмақта мерзімінен бұрын тағы бір айқасты аяқтады. Оның қарсыласы қарағандылық Ерсұлтан Советов алғашқы раундта-ақ екі нокдаун алды. Екінші раундтан кейінгі нокдауннан соң төреші айқасты тоқтатып тастады. Әбілхан келесі кезекте 21 жастағы түркістандық боксшы Бекзат Сабырмен өзара мықтыны анықтайды. Өз кезегінде Бекзат бірінші раундта ауыр нокаутқа ұшыратты. Бұл салмақта бас жүлдеден 15 жылдық тәжірибесі бар Ерік Әлжановтың да таласы бар.

Еске салайық, бокстан Қазақстан чемпионаты Шымкент қаласында өтіп жатыр.