Жабық тұрған Алматыға бүгін облыс территориясынан тұрғындар лап қойды. Төтенше жағдай алынғанына бірінші күн болғанда қалаға кіреберіс көшелерде көлік кептелісі пайда болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Видео «Дороги Алматы» паблигінде жарияланды.
Алматы Полиция Департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаланың айналасындағы 27 блокпост бұрынғы режиммен жұмыс істеп тұр.
«27 блокпост бұрынғыдай жұмыс істеп тұр. Алматы әлі карантинге жабық. Қала тұрғындарына тек ресми ақпарат көздеріне құлақ асуға кеңес береміз. Қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі тіркелген жоқ. Қазір блокпостардағы ахуал тұрақты», - деді ПД баспасөз қызметінен.
Мұндай кептелістер Алматы-Талғар, Алматы-Алтын Орда тас жолдарындағы блокпостарда болды.
Бұл жерлерде полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары автокөлік иелерінің рұқсат құжатын тексеріп, дене қызуларын өлшеп өткізіп жатыр.