05 мам, 2021 сағат 18:07

БҚО-дағы киіктерге қатысты жағдайдың себептері әлі зерттелмеген – сарапшы


Қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСА) «киіктер ауыл шаруашылығына кедергі келтірді» деген БҚО шаруаларына жауап берді, деп хабарлайды ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Бұған дейін әлеуметтік желіде «мал жайылымына арналған жерлерді киік басып жатыр» деген бейнежазба жарияланған еді. 

«Иә, киіктердің саны өсті, бірақ олардың малмен өзара іс-қимылы туралы нақты дерек жоқ. Сондықтан бұл жерде қандай да бір өтемақы мәселесін көтеру әлі орынсыз, өйткені бізде киіктердің саны көп болып, жайылымдарға әсер етуі туралы зерттеулер жоқ», - деп атап өтті ҚБСА қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко.

Оның айтуынша, ғалымдар арнайы ғылыми зерттеулерсіз киіктердің Орал популяциясы санының өсуі бойынша нақты ештеңе айта алмайды, өйткені объективті деректер жоқ. Қазіргі уақытта киік санағы жүріп жатыр, бұл деректер мамыр айының соңында дайын болады. 

«Биыл Батыс Қазақстанда құрғақшылық байқалмайды. Бірақ соңғы жылдары бұл аймақта мал жаю жүйесі өзгерді. Мысалы, совет заманында жайылымдарды алмастыру болды, қазір бұл схема бұзылған, жайылымдарды тиімсіз пайдалану байқалады. Қалыпты жайылым айналымының болмауына байланысты жем-шөп тапшылығы әсіресе құрғақшылық жылдары білінеді. Бірақ бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеу үшін арнайы ғылыми зерттеу жүргізу керек», - дейді ғалым.

Маман мұндай зерттеуді теориялық тұрғыдан бірнеше ай бойы, мысалы, осы жазда жүргізуге болатынын атап өтті.

«Бүгінгі таңда менің білуімше, «Охотзоопром» киіктердің популяциясын басқару бойынша іс-шаралар жоспарын дайындап жатыр, түрлі тәсілдер қарастырылуда», - деді сарапшы.

Айта кетейік, 5 мамыр – халықаралық киік күні. Дүниежүзіндегі киіктің 90%-дан астамы Қазақстанда мекендейді.

Қазақстандағы киік Батыс Қазақстанда, Еділ мен Орал арасында, Үстіртте – ішінара Маңғыстауда, сондай-ақ Ақтөбе мен Атырау облыстарында мекендейді. Ақбөкендердің ең көп саны – Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарында мекендейтін Бетпақдала популяциясы.