08 мам, 2020 сағат 11:14

БҚО-да Теңіз кен орнынан келген 1700-ден астам адам карантинде жатыр

Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде Теңіз кен орнынан келгендер арасында коронавирус жұқтырғандар көбейіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, Атырау облысындағы Теңіз кен орнында карантин жариялануына байланысты 20 сәуірден бастап сонда вахталық әдіспен жұмыс жасайтын адамдар өңірлерге қайтарылуда. 

Содан бері Батыс Қазақстан облысына Теңіз кен орнынан 1700-ден астам адам келді. Олардың бәрі Атырау облысымен шектесетін Ақжайық ауданындағы блокпосттан өткеннен кейін карантиндік стационарларға жатқызылды. Солардың ішінде күні бүгінге дейін 20 адамнан коронавирус анықталды. Қалғандары үй карантинінде бақылануда.

Жалпы, өңірде коронавирус жұқтырған 217 адам тіркелсе, соның 152-сі – Ресейден келгендер. Олардың дені – Қазақстан, соның ішінде облыс азаматтары. Өңірде тұратын бір әйел Германиядан келген. Сондай-ақ, жүк тасымалымен айналысатын Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары бар. 

Сонымен қатар 42 науқас – бұрын коронавирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғандар, мұның 37-сі – медицина қызметкерлері. 

Өңірде осы кезге дейін 65 адам емделіп шықты.

«Індетке қарсы шаралар одан әрі жалғасуда. Барлық облыс тұрғындарын карантиндік шектеу шараларын, жеке гигиеналық талаптарды сақтауға шақырамыз», деді Н.Мұстаев.