14 сәу, 2020 сағат 20:11

БҚО-да соңғы тіркелген науқастың ауруды қайдан жұқтырғаны анықталды

Батыс Қазақстан облысында соңғы тіркелген науқастың ауруды қайдан жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО шұғыл штабы мәлім еткеніндей, науқас 53 жаста, Орал қаласының тұрғыны.

Әйел карантиндік стационарда медбике болып жұмыс істейді. Ол ауруды бұдан бұрын коронавирус анықталған медицина қызметкерінен жұқтырған. 

Қазіргі уақытта науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда. 

Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Науқас тұрған үйдің кіреберісіне карантин қойылды. 

Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда. 

Осылайша 14 сәуір күнгі мәлімет бойынша БҚО-да ауырғандар саны 12-ге жетті.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, 13 және 14 сәуір күндері үш науқас тіркелсе, соның екеуі оның алдында ауырған медицина қызметкерімен қарым-қатынаста болған. 

Бұлардың үшеуімен жақын байланыста болғандар оқшауланып, тексеріліп, сынамалар алынды. Олардан коронавирус анықталған жоқ.

Сонымен қатар Н.Мұстаев әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарап жатқандығын жеткізді.

«Әлеуметтік желілерде БҚО-да коронавируспен ауырғандар тұрған мекенжайлар көрсетілген ақпарат тарады. Бұл – жалған. Сол секілді бір аудиожазбада науқастың карантиндік стационарда жатқаны айтылады. Бұл да шындыққа сәйкес келмейді. Коронавирус анықталған жағдайда емделуші бірден облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіледі. Сондықтан тұрғындардың тек ресми мәліметтерге сенуін өтінеміз», деді Н.Мұстаев. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда медицина қызметкерінің коронавирус жұқтырғанын, өңірде соңғы тіркелген екі науқастың бірі Ресейден келгенін жазған болатынбыз.