21 мам, 2020 сағат 07:15

БҚО-да Ресейден келген жамбылдық жұмысшыдан коронавирус табылды

Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген жамбылдық жұмысшыдан коронавирус анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО әкімдігі мәлім еткендей, көрші елде жұмыс істейтін Жамбыл облысының тұрғыны Ресеймен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткен кезде денсаулығына шағымы болмаған.

Алгоритмге сәйкес санитарлық-карантиндік бекет эпидемиологтары жедел жәрдем шақырып, карантиндік стационарға жатқызылған.

Сонымен қатар бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған облыстағы 10 тұрғыннан зертханалық сынама алынған кезде олардың індетке шалдыққаны анықталды.

Коронавирус жұқтырған тағы бір адам – профилактикалық мақсатта зертханалық сынама алынған медицина қызметкері. Енді бірі – Атырау облысының Теңіз кен орнында жұмыс істейтін өңір тұрғыны. Дене қызуы көтерілгеннен кейін ол провизорлық стационарға түскен.

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен барлық 13 адамда COVID-19 диагнозы расталып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Науқастармен байланыста болғандар бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 352-ге жетіп, соның 189-ы жазылып шықты.