16 мау, 2020 сағат 16:37

БҚО-да коронавирус жұқтырғандар саны мыңға жуықтады

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны мыңға жуықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. 

Облыста коронавирус жұқпасымен 991 адам тіркелсе, соның 48-і – бала. 

Орал қаласында 834 адамның ауырғаны белгілі болса, сондай-ақ аудандардың барлығында коронавирус жұқтырғандар анықталды. Аудандар бойынша ең көбі қалаға іргелес Бәйтерек ауданында – 44. Сондай-ақ Тасқалада – 30, Теректіде – 20, Бөрліде – 17, Сырымда – 16, Жәнібекте – 12, Ақжайық пен Жаңақалада – 5, Бөкей ордасында – 3, Қаратөбе мен Шыңғырлауда – 2, Қазталовта 1 адам тіркелді. 

15 маусым күні анықталған 24 науқастың (өсім – 2,5 пайыз) 9-ы – бұрын коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар. 15-інен эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша сынама алынған. Соңғы ауырғандардың 15-і – Орал қаласының тұрғындары. 

«Күні бүгінге дейін облыста 566 адам жазылып шықты. Қазіргі таңда 50 адам провизорлық, 116-сы карантиндік стационарда жатса, үйлерінде оқшауланған 992 адам дәрігерлердің бақылауында», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.