16 сәу, 2020 сағат 10:12

БҚО-да коронавирус жұқтырған 2 адамның автобекетте қызуы көтерілген

Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте тіркелгендердің барлығы облыс тұрғындары, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, 15 сәуірден 16-сына қараған түні үш науқас анықталған. 

Бұдан бұрын жазғанымыздай, бұлардың екеуі Ресейден келген болатын. Үшінші адам да бұрын коронавируспен ауырған адаммен бірге Ресейден келген болып шықты.

Бүгін таңда тағы төрт науқастың қауіпті індетке шалдыққаны белгілі болды. 

Бұлардың біреуі бұрын коронавирус жұқтырған сырқат адаммен қарым-қатынаста болған.

Қалған үш адам 15 сәуір күні Саратов облысымен шектесетін «Тасқала» автобекетіндегі санитарлық-карантиндік бекеттен өткен кезде екеуінен қызуының көтерілгені байқалған. Олардың бәрі жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жеткізіліп, кейін COVID-19 жұқтырғаны нақтыланды.

Қазіргі кезде науқастардың барлығы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда. Олармен қарым-қатынаста болған адамдар оқшауланып, ауру ошақтарында дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.

Эпидемияға қарсы жұмыстар жалғасуда.

Осылайша Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 7 адам тіркеліп отыр, ауырғандардың жалпы саны 25-ке жетті. Олардың біреуі жазылып, үйіне шықты.