26 сәу, 2020 сағат 10:50

БҚО-да коронавирус жұқтырған 13 тұрғынның барлығы да Ресейден келген

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 13 тұрғынның барлығы да Ресейден келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, бұлар – Ресейдің Мәскеу қаласы мен Саратов облысында бірі вахталық әдіспен, енді біреулері жеке құрылыстарда қызмет атқарып, елге қайтып келе жатқан азаматтар.

Бұлардың ең жасы 19-да, үлкені 49-да (олардың алтауы – БҚО-ның, бесеуі – Алматы облысының, екеуі – Түркістан және Қарағанды облысының азаматтары). Олардың бәрі «Тасқала» автоөткелінен өткеннен кейін карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған кезде коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 116-ға жетсе, соның алтауы жазылып шықты. 110-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда.

«Қазіргі таңда 25 адам провизорлық, 89 адам карантиндік стационарда жатса, 1450 адам үйден бақылануда. Қауіпті кеселдің одан әрі өршімеуі үшін тұрғындардан карантиндік шектеу талаптарын қатаң сақтауды өтінеміз», деді Н.Мұстаев.