15 сәу, 2020 сағат 09:42

БҚО-да коронавирус Ресейде жұмыс істеп келгендерден анықталды

Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетіне шалдығудың жаңадан тіркелген 6 жағдайы туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.

15 сәуір күні Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар саны 1267-ге жетті. Оның ішінде 6 жаңа оқиға Батыс Қазақстан облысында тіркелді.

4 науқас – Батыс Қазақстан облысының, 2 науқас Ақтөбе облысының тұрғындары.

«Бірінші жағдайда, науқас Ресей Федерациясынан келді. Ресей Федерациясымен шекарадағы «Тасқала» бекетінде санитарлық-бақылау бекетінің қызметкерлері сауалнама толтырып, байланыссыз термометриямен тексерген кезде ешқандай шағымы болған жоқ. Келген сәттен бастап үй карантинінде, медицина қызметкерінің бақылауында болды. 14 наурызда дене қызуының жоғарылауына байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінген», - делінген ақпаратта.

Екінші пациент аталған бірінші науқаспен бірге тұрған. Оның да дене қызуы көтерілген. Ол жақын байланыста болған адам ретінде тіркелді. 

«Қалған 4 жағдайда бойынша, науқастар – Ресей Федерациясында вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар. РФ шекарадағы «Тасқала» бекетінде СББ қызметкерлері сауалнама толтырып, байланыссыз термометриямен тексерді. Шағымдары болған жоқ. Кейін карантиндік стационарға жатқызылды», - делінген ресми мәліметте. 

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен 6 пациентте де COVID-19 диагнозы нақтыланды. Барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда.