Батыс Қазақстан облысында ауруханаға жүгінген ауыл тұрғынынан коронавирус анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, соңғы анықталған 10 науқастың төртеуі – Ресейде жұмыс істейтін Түркістан облысының тұрғындары.
Олар Ресеймен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткеннен кейін денсаулықтарына шағымы болмағанмен, жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жатқызылған.
Бес адам – бұрын коронавируспен ауырғандармен байланыста болған облыс тұрғындары.
Тағы бір адам – Сырым ауданының тұрғыны. Ол дене қызуының көтерілуіне байланысты аудандық аурухана қызметіне жүгінген. Дәрігер пациентті қабылдап, зертханалық сынама алған.
Науқаспен қарым-қатынаста болғандар бақылауға алынды.
Эпидемиологиялық шаралар жүргізіліп, тұрғынның ауруды қайдан жұқтырғаны анықталу үстінде. Барша тұрғындар жеке гигиеналық талаптар мен карантиндік шектеу шараларын сақтауы керек.
«Эпидтергеу қорытындысы бойынша ауданның карантинге қойылу-қойылмауы белгілі болады», деп хабарлады БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.
Облыста кезең-кезеңмен карантин шаралары жеңілдетіліп жатқанымен, індет қаупі сейілмей тұр. Күні бүгінге дейін барлығы 339 адам коронавирусқа шалдықса, соның 180-і жазылып шықты.