28 сәу, 2020 сағат 10:39

БҚО-да Атыраудан келген жұмысшыдан коронавирус табылды

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы науқас Атыраудан келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, 30 жастағы облыс тұрғыны Атырау өңірінде вахталық әдіспен жұмыс істеген.

Ол Атыраудан жеке көлігімен жалғыз өзі келген. Содан кейін үйінде оқшауланып, коронавирус жұқпасына сынама алынған кезде COVID-16 диагнозы нақтыланды.

Қазіргі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Онымен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынды. 

Ауру ошағында эпидзерттеу және дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 126-ға жетіп, соның жетеуі жазылып шықты.

«Күні бүгін 13 адам провизорлық, 361 адам карантиндік стационарда жатыр. Мұның себебі кеше түнде Атырау облысындағы Теңіз кенішінен келген жұмысшылар Ақжайық ауданы мен Орал қаласындағы карантиндік стационарға екі күнге жатқызылды. Егер ауру анықталмаса, үйлеріне оқшаулануға жіберіледі. Оған қоса облыста 1653 адам үйлерінде медицина қызметкерлерімен бақылануда», деді М.Арыспаев.