Батыс Қазақстан облысында Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әкім орынбасарының айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 62 ардагердің 48-і Орал қаласында, 14-і аудандарда тұрады.
Сонымен қатар облыста 5831 тыл еңбеккері бар.
Үкімет шешіміне сәйкес бюджеттен сондай-ақ қайтыс болған майдангерлердің жұбайларына – 30 мың теңге, концлагерь тұтқындары мен Ленинград қоршауында болғандарға – 100 мың теңге, тыл ардагерлеріне – 30 мың теңге, ерікті жасақтар қатысушыларына 120 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдем көрсетіледі.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай облыстық телеарналарда арнайы тележобалар мен тақырыптық бағдарламалар дайындалып, сондай-ақ көркем және деректі фильмдер көрсетіледі.
8 мамыр күні Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова оқыған кешкі мектепте ескерткіш тақта ашылады.
«Жеңіс күніне орай ардагерлерді құрметтеу мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланды. Оралдағы бес ескерткішке гүл шоқтары қойылғаннан кейін Жеңіс алаңында үш шара бастау алады. Атап айтқанда, 50 спортшының қатысуымен велошеру болады. Тоғыз топ соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтауға барса, Жайық өзені арқылы катерлер салтанатпен жүзіп өтеді. Мәңгілік алау жанында үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен майдан әндері орындалады. Осындай іс-шаралар аудан орталықтары мен ауылдық округтерде де ұйымдастырылады», - деді С.Егізбаев.