29 мау, 2020 сағат 15:21

БҚО-да 150-ден астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырған

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 43 медицина қызметкері жұқпалы аурулар стационарында емделіп жатыр, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, өңірде індет басталғаннан бері 150-ден астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырды.

Олардың басым көпшілігі жазылып шықты, бірқатары қызметтеріне қайта кірісті.

Қазіргі таңда 43 қызметкер тиісті ем алуда, олардың көпшілігі бұрын коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған.

Сондай-ақ ауру жедел жәрдем қызметкерлерін де айналып өткен жоқ. Олардың арасынан 11 адам сырқаттанса, соның үшеуі емделіп шықты. Күні бүгін өңірдегі жұқпалы аурулар стационарларында 665 төсек-орын бар. Оның санын аудандар есебінен 717-ге жеткізу мүмкіндігі бары айтылуда.

«Қазіргі таңда мамандар жетіспеушілігі сезілуде. Көптеген дәрігерлер бірнеше ай бойы үйлеріне бармай, қызмет атқаруда, жұмыс кестесі өте тығыз. Сондықтан жағдай өте күрделі. Түрлі себептермен ақысы сақталмайтын демалысқа кеткен дәрігерлерге тұрғындардың сауалына тез де дәл жауап беруі үшін біздің байланыс орталықтарында жұмыс істеуді ұсынудамыз. Ал аудандарда жағдай қалыпты. Аудандардан дәрігерлер мен медбикелердің Оралға жіберілуі арқасында жағдайды бақылап отырмыз. Егер аурулар саны өсе берсе, кадр жетіспеушілігі одан сайын сезіле түсетін болады. Сондықтан тұрғындардан ауырып, ем іздемеу үшін санитарлық талаптарды барынша сақтап, дәрігерлер жұмысын жеңілдетуді сұраймыз», - деді Б.Қаюпов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан 58 науқастың ауыр халде жатқанын жазған болатынбыз.