Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлерімен бейнебайланыс арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Олардың арасында осы індеттен емделіп жатқандар, сондай-ақ алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері бар.
Өңір басшысы медицина қызметкерлеріне қолдау білдіріп, олардың көңіл-күйін, хал-жағдайын сұрап білді.
«Науқастармен жақын қарым-қатынас оларды емдеуші дәрігерлерге жұқтыру қаупін туғызады. Сіздер өз борыш-міндеттеріңізді адал атқарып жатырсыздар, сол үшін алғыс айтамыз», - деді әкім.
Облыста 36 медицина қызметкері коронавирус жұқтырса, соның төртеуі жазылып шықты. Ал облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқандары өздерінің психологиялық көңіл-күйі, қандай ем алып жатқандары жөнінде әңгімелеп берді.
Әкім олардың тезірек сауығып, қатарға қосылуына тілектестігін білдірді. Карантин бітіп, үйлеріне оралғаннан кейін медицина қызметкерлерінің еңбегі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Облыс басшысы сондай-ақ облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлерімен де сөйлесті. Қазіргі кезде олар отбасына қауіп төндірмес үшін үй көрмей, жұмыс жасауда.
«Коронавирус індетімен бүкіл әлем күресіп жатыр. Оның бірқатар елдердің экономикасына тигізіп жатқан орасан зор зияны соғыс салған лаңнан кем емес. Біздің бәріміз қалыпты өмірге оралу үшін сіздердің атқарып жатқан қызметтеріңіз аса маңызды», - деді Ғали Есқалиев.
Дәрігерлер жұмысқа қажетті барлық жағдайдың жасалып жатқанын, әрбір емделушінің жай-күйі қалтқысыз бақылауда екендігін айтты.
Ғ.Есқалиев дәрігерлерден қандай ма болсын өзекті мәселе, ұсыныс-тілектерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына жасырмай жеткізіп отыру керектігін атап өтті.
«Бұл мәселеде қысылып-қымтырылудың қажеті жоқ. Облыс тыныштығы сіздердің жұмыс сапаңызға байланысты», деді әкім.
Айта кетейік, 5 сәуір күнгі сағат 22.50-дегі мәлімет бойынша БҚО-да тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. 32 жастағы медицина қызметкері бұрын коронавируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болған. Сөйтіп ол да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 199-ға жетіп, соның 41-і емделіп шықты.