Блокчейн — ақпаратты шифрлау және сақтауға арналған технология. Ағылшын тілінен аударғанда “Блок тізбегі” деген мағынаны білдіріп, бір ортақ желіге біріктірілген көптеген компьютерлерге таралған тізбекті құрайды. Блокчейндегі жазбалар арнайы кілттермен байланысқан блоктар түрінде ұсынылған. Соңғы жылдары технологияның қолданысына аса назар аударылып, блокчейннің кәсіпкерлік пен басқа да салаларға қоса алатын үлесіне қызығушылық пайда болды.
Demandsage компаниясының болжауы бойынша, 2024 жылы блокчейн шешімдеріне бөлінген жаһандық шығындар 19 миллиард долларға дейін жетеді. Бұл оның өзектілігі мен технологияға әр жыл сайын сенім мен қабылдау артатынын білдіреді. Сонымен, блокчейн қалай жұмыс атқарады және бизнеске қандай пайда әкелуі мүмкін?
Блокчейн құрылымы
Блокчейн - көптеген блоктар жиынтығынан құралған болса, блок — құрамында ақпарат сақталған бірлік. Оның ішіне транзакциялар тізімі, уақыт белгісі және алдыңғы блоктың криптографиялық хеші кіреді. Хеш блоктарды бір-бірімен байланыстырып, деректер мен транзакциялар тұтастығын қамтамасыз ету үшін қолданылады.
Нод — блокчейннің көшірмесін сақтап, консенсус алгоритмдері арқылы жаңа транзакцияларды қосу және тексеру үдерісін қадағалайтын желі қатысушылары. Ал жаңа блоктарды құра алатын адамдарды “майнер” деп атайды. Мысалға алсақ, Proof of Work консенсус алгоритмінде олар күрделі криптографикалық есептерді шешіп, сәтті құрылған блок үшін криптовалюта түрінде сыйақы алады. Блокты тізбекке қосқаннан кейін, оны өзгерту қиындыққа әкеліп соқтырады, сол себептен, блокчейн — қауіпсіз, “мөлдір” және өзгермейтін деректерді сақтау артықшылығына ие деп саналады.
Блокчейн типтері
Қоғамдық блокчейн жүйелерінде кез келген адам транзакцияны растау үдерісіне қатысып, олардың толық тізімін көре алады. Мысалға алсақ, Bitcoin, Litecoin және Ethereum сияқты блокчейннің көбісі адамдарға қолжетімді болып келеді. Олар жоғары қауіпсіздікпен қамтамасыз етеді, алайда жұмыс барысында баяу, көп ресурстарды қажет ететін кемшілігі бар.
Жеке блокчейндер бір ұйымда немесе компаниялар тобында қолданылады. Мысалы, Hyperledger және R3 Corda желілерінің транзакциялары жылдам және ресурс шығындары төмен. Бірақ жалпыға қарағанда, ашық емес, тек санаулы адам ғана қол жеткізеді.
Консорциум блокчейндерін ұйымдар тобы басқарады. Бұл қоғамдық және жеке блокчейндердің элементтерін біріктіретін аралық шешім. Олар жеткілікті деңгейде ашықтық пен желіге қатысушыларды бақылаумен қамтамасыз етеді.
Гибридті блокчейндер белгілі бизнес қажеттіліктеріне икемділік пен теңшеуді қамтамасыз ететін қоғамдық және жеке блокчейндердің мүмкіндіктерін біріктіреді.
Блокчейн және кәсіпкерлік
Соңғы бес жылдың статистикасы бойынша, Әлемдегі блокчейн әмияндарымен қолданатын тұтынушы саны 70 миллион адамға дейін көтерілді. Блокчейн заманауи цифрлық экономиканың ажырамас бөлігіне айналып, тіпті бизнесті жүргізудің түбегейлі жаңа тәсілін ұсынады. Ол физикалық, виртуалды, материалдық және материалдық емес активтерді тіркеу және айырбастау үшін қауіпсіз, әрі интеллектуалды жаңа буын қолданбаларымен қамтамасыз етеді. Бизнестегі блокчейн қосымшаларының мысалдары: қаржылық транзакциялар, жеткізу тізбегін басқару, зияткерлік меншік құқықтарын басқару, жеке деректер мен энергетикалық жүйелерді басқару үдерістерін қамтиды.
Бизнес жүргізу барысында, блокчейн технологиялары кәсіпкерлерге бірнеше артықшылықтарды ұсына алады. Ең бастысы, жасалатын транзакциялар мен енгізілген блоктар тізбегін өзгерту мүмкін емес болғандықтан, блокчейн деректердің мөлдірлігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Әрбір іс-әрекетті қадағала отырып, жұмыс үдерістерін автоматтандыруға болады. Арнайы смарт-контракт арқылы мүмкін ақауларды азайтуға және операциялық тиімділікті арттыруға көмектеседі.
Сонымен қатар, блокчейн қандай да бір орталыққа бағынбайды. Әрбір блоктар тізбегіне қатысты мүшелер деректерді тексеріп, бір-біріне сене алады. Бұл алаяқтық тәуекелін азайту мақсатында жасалады.
Алайда, жұмыс барысында шұғыл түрде ақпаратты өзгерту немесе қателікті түзету керек болса, көп уақыт жұмсалады. Блокчейнді қолданыстағы жүйелермен біріктіру күрделі және қымбат болуы мүмкін. Көптеген компаниялар өз процестерін жаңа технологияға бейімдеуде қиындықтарға тап болады. Сондықтан блокчейн технологияларын қолданар алдында компанияның қажеттіліктеріне аса қатты назар аударып, оның керектігін есептеу маңызды.
Қазіргі уақытта, блокчейн кәсіпкерліктің әртүрлі саладағы бөліктерінде қосылған. Қаржы секторында Ripple сияқты трансшекаралық төлемдер компаниялары криптовалюталар мен орталықсыз қаржы төлемдерді жүзеге асыру және активтерді басқару тәсілін түбегейлі өзгертеді. Оған қоса, блокчейн технологиясы тауарлардың қозғаласын қадағалау, медицинада ауруханалық деректерді қауіпсіз басқару, жылжымайтын мүлік пен зияткерлік меншікке байланысты құқықтарды басқаруға мүмкіндік құрайды.
Болашақта, блокчейннің Internet of Things(Интернетті заттар), жасанды интеллект және үлкен деректермен үйлесуі автоматтандыру, аналитика және бизнес-процестерді жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Технология стартаптар мен компаниялар үшін инновациялық шешімдер мен жаңа бизнес-модельдерді еңгізуге зор үлесін қоса алады. Блокчейн — заманауи бизнестің көптеген аспектілерін өзгертуге мүмкіндігі бар қуатты құрал.
Автор: Ақбота Қабдолла