ҚР БҒМ вице-министрі Асланбек Амрин Астанада «Ғылым мен бизнесті біріктіру құралы ретінде технологияларды коммерцияландыру» форумында қазақстандық ғалымдардың жұмысындағы кемшіліктерді атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлем биотехнология, интернет-тарату, цифрландыру, жасанды интеллект, нейрожелі тұрғысында әлдеқайда алға басып кетті. Ал Қазақстанды алдағы уақытта не күтіп тұр? Ғылымдағы бүгінгі басты тренд - жасанды интеллектті барлық салаға, соның ішінде ғылымға да енгізу болып отыр. Мәселен, біз әлеуметтік желі мен мобильді қосымшаны қолдана отырып, көптеген мүмкіндіктерге ие болдық. Мұның барлығын бүгін нейрожелілер жүзеге асырады», - дейді ол.
Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта зертханашылар жұмыс істеп жүрген жерде нейрожелілер жұмыс атқаратын болады. Ерте ме, кеш пе бұл үрдістің келетінін айтқан ол келешекте кейбір персонал тек ақпараттың көзі болып қана қалуы мүмкін екенін айтады.
«Ең бастысы жаңа өндірістік төңкеріс кезіндегідей жұмыс орындарының жоғалуына дайын болуымыз керек. 4.0 индустриясы дәл осыған әкеледі. Оған дайын болуымыз керек. Сіздердің лаборантарыңыз күнделікті жасап жүрген зерттеулер өте арзан болып қалуы ықтимал. Машина бәсекеге қабілетсіз ғалымдарды ысыруы мүмкін. Сондықтан, бұл өзгеріске ғалымдар дайын болуы тиіс», - дейді ол.
Асланбек Амрин қазақстандық ғалымдардың тек жасанды интеллект тұрғысынан емес, өзге де салада артта қалғанын айтады.
«Қазіргі қолданбалы ғылымдағы ахуалға, яғни шетелдік және қазақстандық патенттерге көз жүгіртейік. 2016 жылы біздің отандық патенттің сатылуынан бар-жоғы 1 миллион АҚШ доллары ғана түскен. Біз сіздерге мықтылармен теңесуді ұсынамыз», - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, Қазақстан динамикалық тұрғыда дамып келе жатқанымен, инновация, ғылыми мақалалар, бизнеспен жұмыс тұрғысынан көрсеткіш әлемдік трендтерге қарағанда жоғары деңгейде емес.
«БАҚ тарапынан білетіндеріңіздей, біздің ғалымдарды фейктік журналдарға мақала жариялау тұрғысынан тіпті алаяқтар алдап кетеді. Бұл ғалымдар мен ғылымның деңгейін көрсетеді. Құрметті ғалымдар! Біз бәріміз де көптеген салада бір орында тұрып қалдық. Ғылыми алға жылу дегеннің не екенін ұмытып кеттік. Бізде ғылыми алға жылжу жоқ. Әлемдік базаларға бір рет көз жүгіртудің өзі жетеді. Өзгеріс керек. Барлық трендтер мен басымдықтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған. Саяси жігер бар. Жоспарды сіздермен бірге атқарып, алға басу керек», - дейді вице-министр.
Асланбек Амрин ғылыми тұрғыда нәтиже жоқ болғаннан кейін халықтың бұл салаға сенімі азайып, мемлекет тарапынан бюджеттен бөлінетін ақша азайғанын жеткізді.