Фото: Mybusiness.kz
Қазақстанда ажырасу саны артып келеді. Кей жағдайларда бұл дұрыс әрі қажетті шешім болғанымен, отбасылық өмірдің қиындықтарына төтеп бермей, ажырасуды таңдайтындар да аз емес. Әсіресе, мұндай шешім ортада бала болған жағдайда ауыр тиеді. Отбасылық дағдарыстарды шешу жолдары қандай? Ажырасудың алдын алып, неке қарым-қатынасын қалай нығайтуға болады? Үйленгісі келетін жастар нені назарға алуы керек? Психолог Гуля Жакуповамен бақытты отбасын құру формулалары мен қалыптасқан отбасын сақтап қалу жолдарын талқыладық.
- Қазіргі таңда некеге тұрып, ажыраса салу оңай шаруаға айналып кеткендей. Ал ортада бала болған жағдайда бұл барлығы үшін үлкен стресс. Ажырасу шегінде тұрған жұптарға қандай кеңес бересіз? Отбасылық кризистен көп нәрсе жоғалтпай шығудың қандай амалдары бар?
- Иә, шынымен, қазір көптеген жұп ажырасып жатыр және бұл шешімді тез әрі оңай қабылдауда. Әдетте мұндай отбасылар үйленуге шешімді жас кезінде оңай әрі тез қабылдағандар. Жалпы Қазақстанда жастарды ерте үйленуге үгіттейді. Әдетте ата-аналар балалары есейе сала тұрмыс құр, үйлен деп қатты қысым жасайды. Сондықтан еліміздің осы бір менталитетін өзгерткен жөн.
Біз жастарға ерте үйленуді емес, керісінше дайындықпен үйленуді насихаттауымыз керек. Себебі отбасын құру – үлкен жауапкершілік.
Бұл екі адамның бір-бірі үшін өз-өзімен жұмыс істеуге талпынысы, қарым-қатынас үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға дайын болуы. Егер жастар бұған дайын болмаса, онда күте тұрған жөн. Себебі ертең бала пайда болады, ал содан соң ажырасуға көп адамның қатысы болады.
Шын мәнінде бала үшін ата-анасының ажырасуы ауыр сынақ болуы мүмкін, алайда ата-анасы бір-бірін жақсы көрмей, ит пен мысықтай тайталасып жүргенін көру де бала үшін үлкен стресс екенін ұмытпаған жөн. Себебі бала үшін ата-ана — үлгі. Егер ол сау емес, абьюзив қарым-қатынас көріп өссе, есейгенде мұны түзеу қиынға соғып, ол осы үлгіні қайталауы мүмкін.
Әдетте адамдар ажырасамыз деп келіп тұрса, мен бұл шешімді эмоциясыз қабылдауды ұсынамын. Ол үшін адамнан эмоционалдық тұрғыда бөлектенген жөн, яғни ойша серігіңнен бөлектеніп, оның сөздеріне, әрекеттеріне эмоционалдық тұрғыда ілікпеу.
Бұл ‒ бізге еркін әрі ұтымды шешім қабылдауға көмектеседі, себебі эмоция бізге әрдайым кедергі келтіреді және орынсыз шешімдер қабылдауға итермелейді. Осыдан кейін ажырасу алдында тұрған адамдарға бір-біріне түсіністікпен қарауды ұсынар едім. Дегенмен, сізге қатысты қандай да бір абьюзивті қарым-қатынасты бұлай ақтап алуға болмайды.
Кейде адамдар бір-бірінен суынып кететін жағдайлар да болады. Мен маман ретінде айтарым, терапия көп жұпқа көмектескенін көрдім. Бірақ бұған көбі келісе бермейді, бірақ отбасын сақтап қалғысы келетін адамдар, оның маңызын сезетін адамдар бақытты қарым-қатынас құру үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.
Қазіргі кезде некенің де түр-түрі бар. Әйелдер тәуелсіз, өзін қамтамасыз ете алатын әлемде өмір сүріп жатырмыз ғой. "Қонақ некесі" деген түсінік бар, мұнда ерлі-зайыптылар тек демалыс күндері ғана кездеседі. Сонымен қатар, әр қалада тұрып та, отбасы болатын жұптар бар.
Біз некеге кеңірек көзқараспен қарауымыз керек. Бұл міндетті түрде біздің дәстүрлі түсініктегі неке болмауы мүмкін. Ең бастысы – некенің барлық қатысушылар үшін бақыт пен қолайлы жағдай болуы.
- Тұрмыс құрудан қашатын қыздар бар. «Red Flag» деген тізім жасап, жалғыз жүруге бел буып жатқандар кездеседі. Бұл алдыңғы буыннан қалған травма ма? Бұл үрдісті қалыпты деп ойлайсыз ба? Неліктен қыздар табиғи болмысына қарсы шығып, репродувтілік мүмкіндігіне тосқауыл қоюда?
- Мен көп қыз тұрмысқа шығуды қаламайды дей алмас едім. Керісінше тұрмысқа шыққысы келетін қыздарды көп көремін. Тұрмысқа шыққысы келмейтіндер өте сирек. Көп жағдайда қыздар сүйіктісін жолықтырмағандықтан, тұрмыс құруға асықпайды. Яғни «уақытым өтіп барады» деген қорқынышпен өмір сүрмейді. Бұл біздің қоғамның тұрмыс құрмаған қыздарға деген көзқарасы өзгеріп жатқанының белгісі.
Қыздар мәңгі жалғыз қалудан қорықпайды және қоғам осы шешімі үшін оны жазғырмайтынына сенімді. Осыдан 100 жыл бұрын әйел үшін бұл трагедия болатын, себебі оған міндетті түрде тұрмысқа шығу керек болған.
Әйтпегенде оны күштеп, егде жастағы адамға тұрмысқа бере салатын еді. Ал қазір біздің қоғамда жаңа тенденция қалыптасып жатыр. Әйел адам абьюзив қарым-қатынастан шыққаны үшін жұрт оны жазғырмайды немесе азайып келеді. Ол қауіпсіз өмір сүре алады.
Ал репродуктивті денсаулыққа келер болсақ, әйел адамға бала табу үшін тұрақты серігінің болуы міндетті емес. Біздің елде көптеген әйел тұрмысқа шықпай-ақ бала табуға шешім қабылдайды. Бұған көптеген себеп бар: лайықты адамды жолықтырмауы мүмкін немесе теріс тәжірибе алып, соның қайталануын қаламауы мүмкін. Сәйкесінше, тұрмыс құрмау және бала туу – бұл әйел адамның алдында тұрған екі бөлек мәселе.
Мен бұған позитив тұрғысынан қарар едім. Сау қоғамда әртүрлі адамдар болуы керек: отбасы құрғысы келетіндер де, құрғысы келмейтіндер де, күйеусіз бала табатындар да, бірнеше әйел алғысы келетіндер де. Біз оларды қабылдауымыз керек. Бұл бізде таңдау барының белгісі. Ал таңдау жасай алу психика үшін маңызды. Таңдаудың жоқ болуы адамның мінез-құлқына кері әсер етеді. Олар қатаң тәртіпке бағынамын деп, нәтижесінде қайғырып өмір сүреді.
Мысалы, егер бәріне үйлену, тұрмыс құру міндеттелсе, олар сүймейтін адамдарымен бас қосып, қайғырып өмір сүрулері мүмкін. Салдарынан бұдан да көп проблемаға ұрынамыз. Біз адамдарға еркіндік беруіміз керек. Бұл қоғамның дамуына жақсы ықпал етеді.
- Бізде ерлердің арасында жауапкершілік арқалағысы келмейтін бала сияқтылары бар. Олардың көбіне терапия қажет. Оларға есею үшін жарақаттарын емдеу керектігін қалай түсіндіруге болады?
- Мен біздің ерлердің көпшілігі инфантиль деп айтпас едім. Бұл сәл қате түсінік деп ойлаймын. Біздің ерлер дәстүрлі патриархалдық қоғамда ержетті, мұнда белгілі бір ережелер, заңдар мен нормалар бар, олар бұрын да, қазір де жұмыс істейді және ұзақ уақыт жұмыс істей береді.
Менің айтпағым мынау: патриархалдық әлемде ер адам эмоцияларын көрсетпеуі керек, ата-анасына адал болуы керек, үйге табыс әкелуі тиіс деп саналады. Сонымен қатар, ол өскен отбасында немесе қоғамда әйелмен келіспеу қалыпты саналған.
Осының бәрін ескере отырып, ер адамдарға өздерінің қателіктері немесе психикалық жарақаттарын ұғу оңай емес, себебі оларды бұған ешкім үйретпеді. Бізде ұл балаларды «жылама, әйтпесе солдат болмайсың» деп тәрбиелейді. Сондықтан ерлерді инфантиль деп айыптау емес, оның түп-тамырын түсіну маңызды. Шын мәнінде, бұл ерлерді әйелдер тәрбиелеген. Демек, әйелдер оларға қалай әрекет ету керектігін көрсетіп, айтып отырған.
Ер адамды психикалық жарақаттарын емдеуге көндіру үшін ультиматум қоюдан басқа амал жоқ: «ажырасамыз, немесе психологқа барасың» деу арқылы. Кей жағдайларда ер адамдар шын мәнінде әйелінен ажырап қаламын қорқып, психологқа барады. Бірақ мұны тиімді тәсіл деп айтпас едім, себебі қысымға түскен ер адам психологпен тиімді жұмыс істей алмайды.
Мұнда ең бастысы – сіздің бұл ер адаммен бірге болуға қаншалықты дайын екеніңізді түсіну. Оның мінез-құлқында нені қабылдай аласыз, ал нені қабылдай алмайсыз. Егер жарақаттары абьюзге байланысты болса және ол болашақта да осылай әрекет етуі мүмкін деп ойласаңыз, сіз үшін мұндай қарым-қатынас қолайлы ма, оны өзіңіз шешуіңіз керек.
Егер ер адам дайын болса, онда терапия оған өзін және қарым-қатынасын тереңірек түсінуге көмектесетінін айта аласыз. Бірақ мұнда өте абай болу қажет. Көптеген ер адам үшін көмек сұрау – әлсіздік белгісі, ал бұл олардың кінәсі емес. Бұл – біздің қоғамдағы қалыптасқан түсінік.
Көмекке жүгіну әлсіздік емес екенін жайлап, мейіріммен түсіндіру қажет. Мысалы, мақала немесе посттар жіберіп, оқуға ұсынып, біртіндеп түсіндірсеңіз болады. Бұл да физикалық денсаулықты күту сияқты, менталды денсаулықты күту екенін айтыңыз.
- Неге кейбір адамдар жалғыздықтан қорқады? Жалпы жалғыздықта үйлесімді өмір сүру мүмкін бе?
- Өкінішке қарай, отбасы немесе жақын адамы бар болса да, кейбір адамдар өзін бәрібір жалғыз сезінуі мүмкін. Жалғыздық деген не? Бұл өзіңмен жалғыз қалудан қорқу, өзіңмен жалғыз қалудан ауыртпашылық сезіну. Жалғыздық сезімі сіздің ішкі жараңызбен тығыз байланысты болуы мүмкін, оған сіз өзіңіз жауаптысыз және оны шешу де өз қолыңызда.
Сау адам жалғыздықтан қорықпайды, ол өзімен-өзі қалғаннан ләззат алады, ол өзі үшін ең жақсы дос бола алады.
Міне, осындай еркін, бақытты, толықтай автоном адам өзі сияқты автоном бақытты адамды кездестіріп, сау жұп құрады. Ал жалғыздықтан қорқатын адам басқа адамды жолықтыруға асығады да, сол саңылауды басқа адаммен жаппақ болады. Одан екінші адамның жайлылығы бұзылады. Содан басқа да мәселелер туындайды. Сондықтан да адам осы жалғыздықтың ауыртпалық сезімімен жұмыс істеуі керек. Ол өзінің ішкі әлемімен достасуы керек.
- Кейбір ұлдарын шексіз жақсы көретін аналар келінін төмендетуден тайсалмайды. Мұндай авторитарлы тұлғамен қалай үйлесімді өмір сүруге болады? Күйеуіңе «мені қорға» деп қалай түсіндірсе болады?
- Шынында да, ене тақырыбы – менің практикамда өте жиі кездесетін мәселе. Кейде тіпті ене мен келін төбелескен жағдайлар да болды. Дегенмен, ең бастысы, бұл жерде біз ересек адаммен қарым-қатынас жасап жатқанымызды түсінуіміз керек. Сондай-ақ тұрмысқа шығатын адам да – ересек. Ол өзіне не сәйкес келетінін, не сәйкес келмейтінін түсінуі керек. Некеге тұрмас бұрын, оның анасына қаншалықты байланғанын, анасымен қарым-қатынасы қай деңгейде екенін саралаңыз.
Көп жағдайда ер адам: «Ата-анаммен бірге тұрамыз» деп талап қояды. Әйел адам соған келісетінін, не келіспейтінін өзі үшін шешуі керек.
Бірақ көп жағдайда қыздар авторитарлы енеге тап болады да, не істерін білмей, қайғырып жүреді. Мұндайда, әрине, өз шекараңды қорғау керек. Әйтпесе соңы жаман аяқталуы мүмкін. Яғни, кейде «Жасай алмаймын, кешіріңіз» немесе «Әңгімемізге араласпаңызшы» деп, эмоциясыз айта алу керек. Енді әр адамның өз шекарасы болады, соны өзі анықтап алғаны жөн.
Бірақ ең бастысы, басынан ақырындап өз пікіріңді айта беру керек. Ода тұрған ештеңе жоқ, әр адамның пікірі бар. Кейде әйелдер ұзақ уақыт үндемей жүреді де, біраз жыл өткен соң, «жарылып», бәрін күл-талқан етуі мүмкін. Соған жеткізбеуге тырысу керек. Бір күні дауыл, нөсер болғанша, аз-аздан себелеп жауын жауып тұрғаны жақсы.
Содан кейін, егер сіз күйеуіңізді таңдап тұрмысқа шыққаннан кейін, оны сол анасы тәрбиелегенін ұмытпаған жөн. Яғни, әр адамның да бір жақсы қасиеті болады ғой. Соған назар аударуға тырысыңыз. Жиі сыйлықтар әперіп, қуанып тұрыңыз. Жалпы тәжірибеме сүйенсем, көп енеге назар жетіспейді. Олар сол назардан, махаббаттан, қамқорлықтан тыс қаламын ба деп, жалғыз қаламын ба деп қорқады. Сол қажеттілігін өтеп отырсаңыз, мәселе де азаяды.
- Өмірлік серік таңдағанда қандай критерийлерге назар аудару керек? Кейбіреулер ортақ құндылықтарға назар аудару қажет десе, басқалары атақ-абыройына қарау керек дейді. Ал дін жолындағы адамдардың кей бірі бір-бірін бірнеше рет қана көріп, шаңырақ көтереді.
- Шын мәнінде, некенің сәтті болуына кепілдік беретін нақты бір формула жоқ. Кейбіреулер 5 жыл жүріп, үйленіп, кейін ажырасып кетеді. Ал басқалары бірнеше рет кездесіп, берік отбасын құрады.
Сондықтан бәріне ортақ параметрлер іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Менің айтарым – жүрегіңізді тыңдаңыз. Таңдаған серігіңіз сіздің құндылықтарыңызға қаншалықты сәйкес келетінін түсінуге тырысыңыз. Мүмкіндігінше көбірек бірге уақыт өткізіп, оның басқалармен қарым-қатынаста өзін қалай ұстайтынын бақылаңыз. Сонымен қатар, адамның сізге қамқорлық көрсету қабілетін байқауға мүмкіндік беріңіз.
Қыздарға мынадай кеңес бергім келеді: оның отбасын зерттеңіз. Көп жағдайда жаңа құрылған отбасына адам өзінің өскен отбасының мәселесін алып келетінін байқаймын.
Тағы да айта кетейін, бақытты қарым-қатынастың бір ғана формуласы жоқ. Ең бастысы – сізге ұнайтын, сезіміңізді оятқан адамды таңдау. Себебі екі адам бірге өмір сүруі – оңай нәрсе емес. Біз шын ұнатқан, шынайы сезімімізді тудырған адаммен ымыраға баруға дайын боламыз, оның кемшіліктерін елемеуге тырысамыз және онымен бақытты болуға тырысамыз. Сондықтан махаббатты таңдаңыздар.
Сұхбаттасқан: Анара Бауыржанқызы