Біз көптеген жылдар бойы қолданылып келе жатқан дәрілердің кейбіреуі денсаулығымызға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, анальгин – дәрігердің рұқсатынсыз дәріханадан сатып алуға болатын ең қолжетімді және ең танымал дәрі. Алайда, Еуропа дәрігерлері анальгиннің адам денсаулығына қауіпті екендігін айтады. Бұның басты себебін адам ағзасының анальгинге тез тәуелді болатындығымен түсіндіреді, деп жазады Baq.kz тілшісі.
Бүкіләлімдік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазіргі уақытта әлемде 39 ел бұл дәріні қолданудан бас тартқан. Кейбір елдерде, мысалы, Германияда анальгин қолданыста болғанымен, дәрігердің қатаң рұқсатымен тағайындалады. Ал, ТМД елдерінде аталған дәрі дәріханалардан дәрігердің рецепінсіз босатылып, ешқандай шектеусіз қолданылады. Осы және жалпы халықтың дәрілік сауаттылығы қандай, дәрі-дәрмекті сауатты қолданудың халық денсаулығына және қоғамға әсері қандай, тұрғындардың дәрілік сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек деген сұрақтар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Қазақстандағы дәрілік сауаттылық» атты семинарда талқыланды.
«Жасырғанның жарасы асқынады» демекші ауыра қалсақ дәрігердің алдына барғаннан гөрі таныстарымыздың немесе ғаламтордың кеңесіне сүйеніп, өз бетімізше дәрі қабылдайтынымыз жасырын емес. Осылайша дәрілік заттарды өз бетімен қабылдау көп жағдайда аурудың асқынуына әкеліп соғады.
«Дәрі-дәрмекті өзіндік қабылдаудан кейін болатын қайғылы жағдай 300 адамға шаққанда біреу болса, бұл көрсеткіш әуе апатында 3 млн-ға бір адамнан келеді", - дейді семинарда сөз алған Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының төрағасы Л.Г.Макалкин.
Дәрілік заттарды қабылдау алдында міндетті түрде дәрігермен кеңескен жөн дейді мамандар. Көптеген адамдар, аурудың бастапқы белгілері пайда болысымен ағзаға кері әсерін тигізетін дәрілерді, соның ішінде антибиотиктерді өз бетімен қабылдай бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, дәрінің атауын, қажетті дозасын және емдеу ұзақтығын дәрігер ғана белгілейді. Антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау қажет. Оларды қажетінсіз, шамадан тыс немесе дұрыс емес қабылдау антибиотикке тәуелділікке ұрындырады.
Антибиотиктерді қазіргі кезде көп адамдар жеңіл суық тию кезінде де қабылдайды. Балаларды да антибиотиктермен өздігінше емдеуге әрекеттенетін ата-аналардың позициясы да дәрігерлердің алаңдаушылығын туғызады. Мамандар тұжырымдағандай, емдеу мәдениетін, дәрілік сауаттылықты бала кезден бастап дамыту қажет.
Жібек МҰҚАШЕВА