Қазақстан Президентігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжірибелі мемлекетшіл, білікті дипломат екенін бәріміз білеміз. Ел дипломатиясының көшбасышысы саналатын Тоқаевтың қасқыр саясаткер ғана емес, халықаралық аренада зор беделге ие тұлға. Соның дәлелі ретінде бірер нақты мысал келтірейік.
Біріншіден, ол - парасатты елші. Жалпы, елші қандай болуы керек?
Көпшілік елші болудан оңай шаруа жоқ деп есептейтін болар. Алайда, мемлекеттің мүддесі үшін жырақта жүрген дипломаттың арқалаған жүгінің ауырлығын сол салада жүргендер ғана түсінетін шығар. Дипломаттар – мемлекеттің шетелдегі бейнесі. Онда әрбір басқан қадамын, сөйлеген сөзін, істеген істің бәріне ұқыптылық керек.
Тоқаев 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсті. Еңбек жолын кеңес дипломатиясының жүйесінде бастады. Дәлірек айтқанда, одақтың Сингапурдегі елшілігінде жұмыс істеді. Одан соң Қытайға аттанды. Одақ ыдыраған соң, оның Ресейдің Сыртқы істер министрлігінде қалып жұмыс істеу мүмкіндігі болды. Мансап үшін таңдауды Ресейдің есесіне жасауға болатын еді. Бәлкім солай болған жағдайда ол көрші елдің сыртқы істер ведомствосында жауапты қызметке де ие болар ма еді.
Алайда, қазақ деп соққан жүректің таңдауы өз Отанына түсті. Ол кезде Қазақстанның шекарасы бекітілмеген, әлемнің бірде-бір мемлекеті санаспақ түгелі мұндай жердің барын білмейтін. Алда істелуі тиіс шаруалар шаш етектен. Шекараны заңды тұрғыда бекіту, сыртқы істер министрлігін жасақтау, елшілер корпусын әзірлеу, тиісті заңдарды дайындау... деп кете беретін. Осылардың бәріне қарамастан болашағы белгісіз болса да, туған елін таңдады. Бұл оның қиындықтан қашпайтын шынайы патриот екенін көрсетеді.
1992 жылы Қазақстандағы қызметіне тағайындалған соң, Тоқаев кеңестік кезеңнен мұра болып қалған ядролық «жәдігер» туралы келіссөздерді жүргізе бастады. Сол жылы Президент Назарбаев ресми шақыртумен АҚШ-қа барып Дж.Бушпен кездесті. Келіссөз кезінде ядролық қару тақырыбы да негізгі мәселенің бірі болды. Нәтижесінде қазақ елі ядролық мәртебеден бас тартты, ал ресми Вашингтон жас мемлекетті саяси мойындап, экономикалық ынтымақтастық пен халықаралық аренада қолдауын ұсынды.
1994 жылы Тоқаев Қазақстанның сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ескере кететіні, ол бұл лауазымды екі рет иеленген саясаткер. Осы аралықта еліміздің сыртқы саясатын күшейтіп, көптеген геосаяси мәселелерді тікелей шешкен адам. Оның қолы қойылған халықаралық маңызды құжаттарды көптеп кездестіруге болады. Мысалы, 2005 жылы Нью-Йоркте ядролық сынаққа тыйым салу туралы келісімге қол қойды.
Тоқаевтың СІМ басқарға тұрған кезі Қазақстан үшін ең маңызды кезеңнің бірі болды. Себебі, сол кезеңде мемлекеттік шекараны делимитация жөніндегі келіссөздер жүргізіліп жатты. Қазақстан мен Қытай арасындағы аталған проблема 1992 жылы басталып, 1998 жылға дейін талқыланды. Ал демаркация толығымен тек 2002 жылы аяқталды.
2003 жылы ЕЫҚҰ тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстанның ұйымға төрағалық етуі сөз болды. Біздің еліміз ТМД елдерінің атынан ұжымдық кандидат ретінде ұсынылды. Қазақстанның 2010 жылы посткеңестік мемлекеттердің арасынан ЕЫҚҰ төрағалық ететіні туралы шешім 2007 жылы Мадрид қаласында өткен ұйымның СІМ Кеңесінің 15 саммитінде жарияланды. Аталған шешімнің оңынан болуына Тоқаевтың атсалысқанын да айта кету керек.
Оның әлемдік дипломатияда жеткен жетістігінің бірі – 2011 жылы БҰҰ Бас хатшысының Қасым-Жомарт Тоқаевты өзінің орынбасары етіп тағайындау туралы шешімі. Төрткіл дүние санасатын ұйымның төрт кеңсесінің біріне қазақ баласы басшылық етті. Кемелұлы мұнымен шектеліп қоймай, ұйымның қарыусыздандыру туралы конференциясының бас хатшысы лауазымына ие болды.
Халықаралық ұйым мен оның дипломатиялық корпусы оны зор беделді деп біледі. Себебі, сол уақыттың өзінде 1500-ға жуық дипломатқа басшылық етті.
2012 жылдың 30 маусымында БҰҰ Сирия мәселесі бойынша кездесуі өтті. Сол кездесу жүргізілген келіссөздердің ішінде қорытынды құжат ретінде нақты нәтиже берген шара болды.
Ол құжат осы күнге дейін сириялық мәселелерді реттеу кезінде халықаралық-құқықтық негіз ретінде пайдаланылып келеді. Келіссөздер әуелі кеңейтілген құрамда, кейін Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері -СІМ қатысуымен өткен. АҚШ-тың мүддесін сол кезде Хиллари Клинтон көздеп келген болатын. Кездесудің соңы сәтті аяқталды. Клинтон соңғы құжаттың мәтінімен келісіп, қол қойды. Тоқаевтың Біріккен ұлттар ұйымындағы қызметіне бұрынғы басшысы Пан Ги Мун жоғары баға беріп, алғысын айтты.
Қазақта «елдестірмек елшіден» деген аталы сөз қалған. Қай заманда да елшілердің көтерген жүгі ауыр болған. Қылдың үстімен, оттың үстімен жүрсе де, екі тараптың көңілінен шығатын ортақ шешімді табу оңай шаруа емес. Қызметін елшіліктен бастаған Тоқаев 45 жылдың ішінде қазақтың атына кір келетін әрекетке барған емес. Қазіргі күні Қазақстандағы ешбір дипломаттың мұндай мықты бекграундқа ие еместігін мойындау керек.