25 қар, 2020 сағат 07:41

Біз авторлық құқықты қорғаумен емес, шығармашылықпен айналысуымыз керек - Роза Рымбаева

Қазақстан халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Роза Рымбаева авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқарудың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әншінің айтуынша, мемлекеттердің мәдени дамуындағы құқықтарды ұжымдық басқарудың маңызы зор. Бұл ұйымдардың тиімді қызметі авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың жаңа объектілерін құру үшін қолайлы жағдай жасайды. 

Сонымен қатар, ол әншілер орындайтын барлық шығармалар авторлық құқықты қорғаумен белгіленуі керектігін айтты. Ал, сол авторлық құқық мәселелерін мамандандырылған ұйым шешуі керек. 

«Біз - шығармашылықтың адамымыз, біз өз құқығымызды басқара алмаймыз, яғни әр қолданушымен келісімшарт жасауға уақытымыз жоқ. Яғни, әншілер ең алдымен, шығармашылықпен, репертуармен, гастрольдік сапармен, концерт өткізімен айналысуымыз керек. Біз авторлық құқықты қорғаумен оған түсетін ақшаны есептеумен, яғни қаржы мәселесімен айналыспауымыз керек. Мұның барлығы орындаушылардың, авторлардың, композиторлардың, ақындардың авторлық құқығын қорғаумен тікелей айналысатын ұжымдарға қатысты. Біз өз құқығымызды өзіміздің өкіліміз болатын ұжымдық ұйымдарға береміз. Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқарудың маңыздылығы осында», - деді Роза Рымбаева. 

Сонымен қатар, қазақстандық әнші өзгенін әнін рұқсатсыз көшіріп және оны орындау – ұрлық деп санайды. 

«Бізде көшіру деген болмауы керек. Егер шығарманы белгілі бір орындаушыға жазса, бірақ оны басқа біреу көшіріп алып орындайтын болса, онда бұл ұрлық. Бұл нағыз авторлық қойылым болуы керек. Менің ойымша, бұл ең алдымен туындының иесі авторлық құқығымен қорғалуы керек», - деп бөлісті ол.