14 қаз, 2024 сағат 13:48

Біз әлі күнге дейін «тізесі шыққан» шараларды қолданамыз — Аймағамбетов жұмыспен қамту бағдарламаларын сынады

Фото: parlam.kz

Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту тақырыбындағы Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жұмыспен қамту бағдарламалары тиісті нәтиже бермей жатқанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

"2008 жылдан бері жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданды, яғни екі жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып отырған. Олар қандай нәтиже берді? Егер жұмыспен қамту шараларын негізгі құралдары мен әдістер арқылы талдайтын болсақ, онда олар осы жылдар бойы концептуалды түрде айтарлықтай өзгермегенін және негізінен уақытша сипатта болғанын байқаймыз. «Баяғы жартас – сол жартас». Біз әлі күнге дейін «тізесі шыққан» шараларды қолданамыз. Жаңа жүйелі шаралар аз. Сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту және қайта оқыту, шағын несие беру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және т.б. Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмайды. Осы шаралардың қаншалықты тиімді екендігін де зерттеп жатқан ешкім жоқ", - деді А.Аймағамбетов.


Асхат Аймағамбетов Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасатынын, алайда жұмыссыздық деңгейі әлі де өзгеріссіз қалып отырғанын назарға алды.

"Мынанадай темппен жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді ғой.  2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналастырылған екен, ал бірақ жұмыссыздардың саны небәрі 445 мың адам болған. Бұған дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250 мыңға жетіп қалды, ал 5 жылдан кейін 350 мыңға дейін барады дейді. Осылайша 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады. Мұның барлығы жүйелік проблемалардың бар екендігін көрсетеді", - деп қосты ол.


Төрағаның айтуынша, бұған ведомстволық бытраңқылық себеп. Экономиканы – Ұлттық экономика министрлігі жоспарласа, жұмыспен қамтуды – Еңбек министрлігі, білім беруді – жоғары білім мен Оқу-ағарту министрлігі жоспарлайды, яғни бірыңғай үйлестірілген жұмыс пен саясат жоқ.

"Жұмыспен қамтуға келсек, барлық жұмыс орындарының 70%-ын немесе жалпы жұмыспен қамтудың 50 пайызына жуығын бизнес емес, мемлекет қамтамасыз етіп отыр. Яғни Мемлекеттік қолдау шараларына, триллиондаған несие және триллиондаған салықтық жеңілдікке қарамастан, жеке кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер тек 2,8 миллион жұмыс орнын немесе жұмыспен қамтудың 33 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Яғни, жұмыспен қамтудың негізгі генераторы - мемлекет. 
Мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс орындарын ашудағы тиімділігі өте төмен. Статистика бойынша, көптеген бағдарламаларда бекітілген көрсеткіштер текқағаз жүзінде қалып қойған. 
Ұлттық жобалар бүгінгі таңда сапалы жұмыс орындарын жетілікті денгейде қамтамасыз етпей отыр. Жалпы, заңнамалық деңгейде жаңа өндіріс ашатын немесе инвестициялық жобаны іске асыратын барлық тұлғалар үшін міндетті түрде жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жергілікті жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру талаптарын бекіту қажет деп санаймыз, дәл осыған факторға байланысты оларға салықтық жеңілдіктер мен преференциялар беру мәселесі қарастырылуы тиіс", - деп ұсынды А.Аймағамбетов. 


Асхат Аймағамбетов инвесторлармен сапалы жұмыс орындарын құру, дуальды оқыту және білім трансферті бойынша өзара міндеттемелер қажет екенін айтты.