08 жел, 2020 сағат 15:12

Биыл жоғары оқу орындарында оқу ақысы қымбаттаған жоқ – Мирас Дәуленов

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ қашықтан оқыту барысында материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 1 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қысқы сессияны өткізуге дайындық аясында көп жұмыс атқарылып жатыр. Пандемия басталған кезде басқа білім мекемелеріне қарағанда жоғары оқу орындары қашықтан оқуға дайын болды. Қазіргі уақытта студенттердің 84% қашықтан оқиды. Ал штат аралас режимде жұмыс істейді. Коронавирус пандемиясының жалғасуына байланысты гуманитарлық, әлеуметтік бағытта оқитындар қашықтан оқуын жалғастыра береді, ал медициналық, инженерлік бағытта оқитындар үшін қашықтан білім алу қиын, сол себепті олар аралас режимде оқиды деген шешім қабылданды», - дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов. 

Ол жоғару оқу орындарында қашықтан оқу сапалы жүзеге асуы үшін қаржы бөлінгендігін айтты.

«Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қашықтан оқыту барысында материалдық-техникалық базаны күшейте түсу үшін 1 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат алдымен сервер сатып алуға, бағдарламамен қамтамасыз етуге, видео-конференция байланыс қызметін қосу үшін, және антиплагиат үшін жұмсалды. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі оқу ақысын қымбаттатып жібермеу туралы ұсыныс айтқан болатын. Жоғары оқу орындары бұл ұсынысты сәтті орындады», - дейді ол.