Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Зерделі» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің іргетасын нығайту барысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қала әкімі Instagram парақшасында «Зерделі» ықшамауданының тұрғындарын толғандырған мәселе назардан тыс қалмағанын жазды.
«ҚазҚСҒЗИ мамандарының қорытындысы бойынша 2020 жылы 7 үйдің іргетасы нығайтылды. Биыл 10 үйді нығайту жоспарланып отыр. Барлық жұмысты оның технологиясы, құрылыс нормасы мен талаптарын сақтай отырып жүргізуді тапсырдым. Бұдан кейін 13 ауланың қасбеті ретке келтіріліп, балаларға арналған ойын мен спорт алаңдары, орындықтар мен жарық жүйесі орнатылады», - деп жазды Сағынтаев.
Қала әкімінің сөзінше, тұрғындардың өтінішімен аула мен үй маңындағы аймақты ретке келтіру мәселесі шешімін табатын болады.
«Зерделіде» тұрғын үйлерге жанасып жатқан 8 жер телімі алынады.
«Сондай-ақ «Нұркент» ықшамауданында № 43 пен №72 үйдің арасындағы жер теліміне биік үй тұрғызбақ болған меншік иесінен бұл жер тәркіленді. Аталған жерде балабақша бой көтереді», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Әкім жұмыс сапары кезінде Алатау ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан «Алатау сити» тұрғын үй кешенінде болды.
Сондай-ақ шаһар басшысы Түрксіб ауданындағы «Қайрат» ықшамауданында орналасқан ТК құрылыс алаңдарын аралады.
Мұнда 1,5 мың оқушыға арналған мектеп, 280 орынды балабақша мен 500 келушіге арналған емхана құрылысы қарастырылған.
Кешенді құрылыс жұмыстарының арқасында тұрғындар қажетті әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етіледі.
Біз бұған дейін «Зерделі» шағынауданында орналасқан барлық көпқабатты 32 тұрғын үйге тексеру жүргізу үшін 312 миллион теңге бағытталғанын жазған болатынбыз.
Еске салайық, 2019 жылы Алатау ауданындағы «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын.
Кейін Бақытжан Сағынтаев қисайған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екенін жеткізді.
